Қоқысы 1 айдан бері жиналмаған көше тұрғындары наразылыққа шықпақ

288
Диваев көшесі тұрғындарының басым бөлігі көз жанарынан айрылған қариялар

 

Диваев көшесі тұрғындарының басым бөлігі көз жанарынан айрылған қариялар

Зағип жандар қоқыстың астында қалды! Диваев көшесінің тұрғындары арнамызға осылай деп хабарласқан болатын. Қариялардың шағымдарына ешкім құлақ аспаған соң, амалы құрығандықтан тілшілерге хабарласуға мәжбүр болған. Ондағы ауладағы айлап жиналмаған қоқыс қалдықтарын ешкім алып кетпеген.

Бұлар – Диваев көшесіндегі 127-ші үйдің тұрғындары. Есіктерінің қақ алдындағы қоқыстың жиналмағанына бір айдан асып кетіпті. Сасық иіс алыстан мүңкіп, үлкен жолдағы жолаушылардың да қолқасын қабады. Бұған қоса жаңадан қойылған контейнерлер ізім-қайым жоғалып кеткен.

Пернебай Қалдашев – 1-топтың мүгедегі. Жасы алпыстың бесеуінен асқан ата жастайынан жанарынан айрылған. Зағиптар қоғамының басым бөлігі мекен еткен осы үйде ол 26 жылдан бері тұрады екен. Қарсы беттегі дүкенге жай күні өзі жететін едім. Қазір мына жайылған қоқыстан ешқайда шыға алмай қалдым дейді ол. Осындайда көмекке көршісі Сапар аға келеді екен.

Дәл осындай келеңсіздік Әл Фараби ауданына қарасты өзге де үйлердің маңында орын алып отыр. Бұл қоқыстарды тазалауға жазда қаланың бір бөлігін шулатқан «Орион. Жаңа технологиялар» компаниясы жауапты. Бірақ олар күн ыстықта қалдықтарды күніне 2 рет жинаймыз, ал қазір бұл науқан деп аяқталған деп, қарасын да көрсетпепті. Қоқыс тазалаушылар, тіпті, өздеріне үздіксіз хабарласқандардан қашатын да көрінеді.

Ал «Орион. Жаңа технологиялар» компаниясының мамандары тағы да арнайы көліктердің жетіспей жатқанын желеулетті.

Қоқыс тазалауда салғырттық танытқан аталмыш компанияға бірнеше рет айыппұл да салынғаны белгілі. Бірақ мына жиналмаған қоқысқа қарағанда, ол жазалар сабақ болмаған секілді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Ul0OFR1GKYI[/youtube]