Шымкенттің еліміздегі екінші қала болуға әбден-ақ мүмкіндігі бар

270
Қайрат Молдасейітов-Шымкент қаласының әкімі

Бүгін Шымкент қаласы өзінің туған күнін атап өтуде. Қаланың орталық алаңдары мен саябақтарында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қала сыртындағы атшабарда өткен ұлттық ойындар барысында қала басшысы шымкенттіктерді мерекелерімен құттықтады.

Қайрат Молдасейтов, қала әкімі

Қайрат Молдасейтов, Шымкент қаласының әкімі: «Сіздерді алтын күздің шуағымен келген Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!Биылғы қала күні жылдағыдан ерекше, себебі облыстың 80 жылдық мерейтойымен қатар тойлануда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Шымкентке келген сапарында «Өмірді Шымкентте сүру керек!» деп жарқын әзіл айтқаны есімізде. Президенттің осы сөзі қала тұрғындарының мәртебесі мен көңіл-күйін көтеріп тастады. Қазақтың құт дарыған жері, оңтүстіктің ордасы – Шымшаһардың төл мерекесі отаншылдық пен елжандылықты оятатын айтулы күн. Бұл мейрамды қала халқы болып өз деңгейінде атап өту дәстүрге айналған. Биылғы жыл біз үшін айрықша болып отыр. Қалада әлеуметтік-экономикалық сала да жыл өткен сайын алға қарай ілгерілеп, дамып келеді. Тарихы тереңге бойлаған шаһардың келбет-кескіні бүгінде заман талабына сай көркемделіп, сәулеті мен сымбаты көз тартар мәдени ескерткіштер, саябақтар мен әлеуметтік нысандарға толы қалаға айналды. Солардың қатарында– жақында ашылған Астана даңғылы мен қайта жаңғырту жұмысынан кейін пайдалануға берілген Орталық саябақ бүгінде көркейіп-көгалданып, шаһардың шырайын одан әрі арттыруда. Биылғы жылдың ең айтулы оқиғасы — қаланың Бас жоспарының бекітілуі. Соған орай, еліміздің үшінші қаласы — Шымкентті дамыту жұмыстары бүгіннен қолға алына бастады. Бас жоспар бойынша қаланың солтүстік бөлігінен жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының негізі қалануда. Аталған аумақта облыс әкімшілігінің жаңа тұрпатты ғимаратын, «Түркістан» кино-концерт сарайын, бес мың орындық мешітін, облыстық драма театрын, Назарбаев зияткерлік мектебін салу жоспарланған. Жиырмадан астам көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Осылайша, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық қаламыздың ең көрікті аумағына айналмақ. Ал, Құрбан айттың алғашқы күні, яғни Қала күні қарсаңында қаланың ең биік нүктесінде орнатылған Бәйдібек би ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Бұл — бүкіл Орталық Азиядағы ең еңсесі биік ескерткіш. Сондай–ақ, бұл туынды облыс орталығының жаңа символына айналып отыр. Алдағы уақытта «Бәйдібек» тарихи мұражайы мен ескерткішке өзге де қосымша құрылыстарды салу жоспарлануда. Бұл игі істердің барлығы да сүйікті қаламыздың одан әрі көркеюі мен қала тұрғындары үшін жасалуда. Биылғы қала күні мерекесіне арналған іс-шараларға қалалықтар белсенді атсалысуда. Мерекелік бағдарламада жоспарланған шығармашылық көрмелер және ауылшаруашылығы жәрмеңкелері, мәдени және спорттық іс-шаралар, театрландырылған қойылымдар қалалықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлайтынына сенімдіміз. Мереке қарсаңында Сіздерді табиғаты әсем, тарихы бай қаламызды құрметтеуге, шын жүректен сүюге шақырамыз. Осы бір тамаша мерекемен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақыт тілейміз! Сүйікті шаһарымызда береке-бірлік нығайып, тұрақтылықтың, өркендеудің үлігісіне айналған құт-мекеннің абыройы арта берсін! Қашан да бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғай!»