Шымкентте жауған қардың әлегі аз болған жоқ

479
Жаңа жылдың алғашқы 3 күні қарлы болмақ
"Оңтүстікте жауған қар 70 см-ге дейін жетті",-дейді жергілікті халық
«Оңтүстікте жауған қар 70 см-ге дейін жетті»,-дейді жергілікті халық

Шымкентте қалың қар жауғаны сол екен, қала көшелерінде көлік түгіл жүргіншілердің жүруі қиындап кетті. Қанша қалың қар жауса да сақадай саймыз деп уәде еткендердің сөзі далаға кетті.

Оңтүстікте бұл күндері сынап бағанасы – 32 граудсқа дейін суытты. Созақ, Түлкібас, Төлеби аудандарында 54 см-ге дейін қалың қар жауған. Ал Шымкенттегі қардың қалыңдығы 26 см-ге жеткен.

Махамбет Жазықбаев, «Қазгидромет» РМК ОҚОФ-ның директоры: «Облыстың Созақ жерінде ақр қалыңдығы 54 см, Түлкібастағы Т.Рысқұлов атындағы метеостанцияның мәліметінше 44см, Төлебидегі Тасарық станциясының ақпары бойынша 35 см. қалыңдықта қар жауды. Шымкентте жауған қардың қалыңдығы 26 см. Алдағы күндері ауа райы жылынып, тіпті қалада +5-ке  дейін термометр жоғарылайтын болады».

Тәулік бойы тоқтамай жауған қар көлік жүргізушілер түгіл, жаяу жүргіншілерді әбігерге салды. Бара жерге уақытында жете алмағандар жолды тазалаушылардың жұмысын сынға алды.  Ал жақында ғана жаңа техникамен жабдықталған «ЛТД Тұрмыстың» мамандары қала көшелері қардан тап-таза болады деп уәде еткен болатын.

Гүлнәр Сапарымбет, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің директоры: «Қар тазалайтын жаңа 5 көлік алдық. Жаңа Жыл мерекесі қарсаңында тағы да 10 көлікке қол жеткіземіз деп отырмыз. Бұл жаңа техниканың мүмкіндіктері де мол. қандай қалыңдықта қар жауса да, Шымкент үшін қорқыныш тудырмайды» деп сұхбат берген  болатын».

Бірақ шымкенттік көлік жүргізушілері бұл сөздің желге ұшқанын айтады. Қар түскен алғашқы тәуліктен бастап жол үсті кедір-бұдырланып кетті, ал түнде жағдай тіпті қиындауы мүмкін десті олар.
Ал синоптиктер алдағы күндер де жауын-шашынды болады деп болжауда. Қаңтар да қарлы болмақ.

Махамбет Жазықбаев, «Қазгидромет» РМК-ның ОҚОФ-ның директоры: «Қаңтар айында қар мол жауады деп болжанып отыр. Облыс бойынша ауа температурасы -15,-20 градусқа дейін, кей жерлерде -25 градусқа дейін төмендейді. Жаңа Жыл мерекесі қарсаңында, сосын қаңтардың алғашқы 3 күні қарлы болады деп күтілуде».

Көшені қардан тазалауға жауаптылардың сыналар тұсы әлі алда екені даусыз. Бірақ дәл осындай қарқынмен қарлы қаңтарда олардың да аңтарылып қалмасына кім кепіл?!