«Ханафи» мәзһабының маңызы ерекше

М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де маңызы ерек бәтуалы басқосу өтті
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де маңызы ерек бәтуалы басқосу өтті

М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де маңызы ерек бәтуалы басқосу өтті. Бұлай деуіміздің өз себебі бар. Еліміздегі діннің жайы күрделі һәм көкейкесті мәселеге айналғаны мәлім. Жат ағымдардың ылаңынан бөлек, мұсылмандардың арасында бір-бірін түсінбеушілік яки бір мәзһабқа ұйымаушылық сынды өршіп бара жатқан кесел бар. Ислам дінінің негізі – ынтымақтастыққа, бірлікке шақыратынын көпшілік қауым ұғынуы тиіс. Іргелі білім ордасында өткен «Ханафи мәзһабы – Қазақстан мұсылмандарының рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға осы мәселе өзек болды.

Жиынға ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп арнайы келіпті. Сонымен қоса, мәжіліс депутаты Камал Бурханов, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, шетелдік ғалымдар мен аудан, қалалардың басшылары және өкіл имамдарын кезіктірдік. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов мәжілістің тізгінін ұстап, жүргізіп отырды. Әуелі сөз алған Қайрат Қайырбекұлы көсіле сөйлеп, діннің негізгі миссиясына егжей-тегжейлі тоқталды. Ұққанымыздай, еліміздің дін саласындағы мемлекеттік сая-саты конфессияаралық тұрақтылық пен толеранттылықты сақтауға бағытталған. «Діни сауаттылық деңгейін көтеру үшін алдымен тарихымызды жақсы білу керек.

Салт-дәстүрімізге берік, Абайдың қара сөздерін түсініп-түйсінетін азамат Құдайдың тура жолынан таймайды. Отандастарымыздың басты ұстанатын ханафи мәзһабы Ислам құндылықтарын ұлттық салт-дәстүрлерімізбен байланыстырады», – деген агенттік басшысы имамдарға бағынуға үндеді. Алыстан ат терлетіп келген құрметті қонақтар да өз ойларымен бөлісті. Бәрінің де айтар уәжі бір. Яғни бір шаңыраққа топтасып, бір мәзһабтың көкжиегін кеңейтуіміз ләзім. Расында, Исламның асыл құндылықтары Имам Ағзам Әбу Ханифа салған сара жолмен біте қайнасып жатыр. Айта кетейік, агенттіктің алқалы жиыны алғаш рет Оңтүстікте өткізіліп отыр.

Тағабай ҚАСЫМ