Адамдар жолда «жұтылып» жатыр

Жол көлік оқиғасы
Жол апатынан 350 адам мерт болды

Кешегі аптада ОҚО-да 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 кісі қаза болды. Ал 33 адам ауруханаға жеткізілген. «Темірден болар көлігің, те­мірден бо­лар өлімің» дегенді Майқы би бабамыз осы­дан 300 жыл бұ­рын айтқан екен. Бүгінгі қоғамның ахуалын көріп, атақты бидің даналық сөзі ақиқатқа айналған ба дерсіз. Жасырып, күлбілтелеудің жөні жоқ. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманда жол-көлік оқиғалары адамдарды «жұтып» жатыр. Дәм-тұзы жол үстінде таусылып жатқандар қаншама.

Шыны керек, қазақ аңғалдығынан, бейқамдығынан опық жеп жатады. Біле білсек, соңғы 10 жыл ішінде жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) салдарынан 32 мыңнан астам бауырымыздан айырылыппыз. Мұнан бөлек, 166 мыңдай адам жарақат алып, аурухана төсегіне жатып шыққан. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитеті жанындағы Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі сараптама комиссиясының отырысында мәлім болды. Статистиканы сөйлетсек, жыл басынан бері еліміздің жолдарында 9,7 мың ЖКО тіркеліп, 2 мыңнан аса адам көз жұмған. Жарақат алғандардың саны 12 мыңға жетіпті. Былтырғы жылғымен салыстырғанда ЖКО саны 21%-ға, демі үзілгендер 11%-ға, ал жарақат алғандар 26%-ға артқанын ұғындық. Бұл орташа есеппен бір күнде 5 адам жол-көлік оқиғасынан қаза табады деген жағымсыз жағдаят. Оңтүстік өңірі де қайғылы оқиғалардың көшбасында тұрғанын айта кетейік. Біздің өңірде 350 адам мәңгілікке сапар шеккен. Тізімнің басына Алматы қаласы жайғасыпты. Деректер бойынша Мақтарал, Шардара, Сарығаш, Отырар ауданының жүргізушілері «желмен жарысуға» құмбыл. Оқиғаның өршіп бара жатқандығына алаңдаған бір топ сенат депутаттары таяуда Үкімет басшысы Серік Ахметовке ұсыныс тастады.

Артықбек ЖАППАРОВ, ОҚО ІІД жол полициясы басқармасының бастығы

– Жол апатын азайту мақсатында облыстық және қалалық әкімдіктің қолдауымен нақты іс-шаралар қабыдануда. Атап айтқанда, жол жиектерінен тротуарлар салу жоспарланған. Одан бөлек, жол комитетіне автомектеп ашып беру жөнінде ұсыныс бердік. Қазір мәселенің шешімін күтіп жүрміз.

Жол апатынан 32 мыңнан астам адам өлген

Сенаторлар Жұмабек Төрегелдинов, Владимир Редкокашин және Қайсар Омаровтың пікірінше, жауапсыз жүргізушілерге қатысты жазаның пәрмені тым солғын. Халық қалаулылары мас күйінде жолға шыққан жүргізушіні «темір көлігінің» тізгінін қайта қолға алу құқығынан 5 жылға бір-ақ айыруды ұсынды. Ал мәжілісмен Азат Перуашевтің депутаттық сауалы көңілге түрлі ой салары анық. Оның айтуынша, ЖКО-дан соңғы 10 жыл ішінде қаза тапқан қазақстандықтардың саны Ауған соғысындағы Кеңес әскерінің шығынынан екі есе көп. Яғни 10 жылға созылған соғыста 14 мыңдай адам көз жұмса, соңғы он жылдағы бейбітшілік заманда 32 мыңдай тұрғын опат болған. «Алматы-Астана» трассасында адам шығыны көп болатындығын меңзеген депутат дархан даламызда үзіліссіз «соғыс» жүріп жатқандығын жасырған жоқ. Расында, түсінген жанға ой саларлықтай.

Әрине, мәселенің мәнісіне үңіліп, тереңірек зерделесек бірқатар себептердің көлбеңдей шығатыны рас. Дегенмен, күрделі мәселеге біржақты жауап беру қиын. Мәселен, жүргізушілер көше бойында ережеге өзеуреп қарайтындарды кінәлайды. Енді бірі жүргізушілердің оспадарлығын, сауатсыздығын айтса, бәзбіреулердің шұрқ тесік жолдардан мезі болғандарынан хабардармыз. Осы орайда ресми деректерге көз жүгіртіп көрелік. ҚР ішкі істер министрлігінің жол полициясы комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол-көлік оқиға­сы­ның 87%-ы жүргізуші­лер­дің жол ережесін сақтамауынан орын алады. Жүргізушілер көп жағдайда қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетеді екен. Мұндай жағдайда көліктердің қатты зақымдалып, адам шығыны көбірек болатындығы анық қой. Расын айтқанда, бізде көлік жүргізу мәдениетінде кемшілік көп. Әлемдік сарапшылардың пікірі осыған саяды. БҰҰ түзген сараптамадан-ақ бірталай жәйтті аңғаруға болады. Беделі биік ұйым бір жылдың ішінде Бельгияда – 42115, Португалияда – 33613, Австрияда – 39173 және Қазақстанда – 13739 ЖКО тіркелетінін анықтаған. Бірақ адам шығынының айырмасы сан түрлі ойға жетелейді. Бельгияда – 944, Португалияда – 885, Австрияда – 679 болса, Қазақстанда – 3351 адам қаза тапқан. Міне, гәп қайда жатыр? Айта берсек, кемшілік көп.

Орташа есеппен бір күнде 5 адам жол-көлік оқиғасынан қаза табады

Мойындау керек, бұл мәселеде жолаушылар тасымалдайтын автобустарға қарата айтылар сыни-пікірлер жетерлік. Ресми деректер жолаушылар таситын автобустардың 83%-ның тозығы жеткендігін меңзейді. Сай-сүйегін сырқыратып, бір-бірімен жарысқан жүргізушілерді күнде көріп жүрміз. Жолаушыларды аузы-мұрнына дейін тығып алып, ойдым-ойдым жолда жарысатынын қайтерсіз. Осының кесірінен автобустар теңселіп, жолаушылар зардап шегуде. Жуырда ғана 42 бағыттағы автобустың қаз-қатар тізіліп тұрған көліктерді жараусыз еткендігі жадымызда. Шымбайға батса да шындықты мойындауға тиіспіз. Шымкенттегі қоғамдық көліктердің жүргізушілерінде де мәдениеттілік жоқ. Әкім-қаралардың ірілі-ұсақты жиын ұйымдастырып, жүргізушілерді жөнге саламыз деген ұраны әзірге уәде күйінде қалып отыр.

Дос КӨШІМ, саясаттанушы

– Мемлекеттен жол салуға деп бөлінген қаржының үштен екі бөлігі қалтаға кетеді, бір бөлігі ғана жолға жұмсалады. Бұдан кейін қандай сапалы жол салынады? Бір сөзбен айтқанда, елдегі экономикалық, қоғамдық, әлеуметтік мәселелердің бәрі осы жолдарымыздан көрініс тауып жатыр. Рас, соңғы уақыттары жолға көңіл бөліне бастады. Сапалы жолдар салынуда.  Бірақ бұл өте  аз. Мәселен, АҚШ-тың дамуы осы жолдан басталды емес пе. Содан кейін  елінің экономикасы көтерілді.

Аңғарғанымыздай, айдың-күннің аманында жолдан келер қауіп көп. Жұбанарымыз, «Жол қозғалысы жайында» жаңа заңның нобайы жасалынуда екен. Билік басындағылар маңызды құжатты жыл соңына дейін аяқтамақ ниетте. Сонымен қатар ел Үкіметі «2012–2014 жылдарға арналған Жол қозғалы­сының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағдарламасын бе­кіт­ті. Біздің айтпағымыз, халықтың үрейін біржолата сейілту үшін жол мәселесі тезірек шешімін тапса екен.

Тағабай ҚАСЫМ