Шымкент – ең көне қала

6993
Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар
Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар
Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар

Шымкент – Қазақстандағы ең көне қала. Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаев осылай дейді. Оның пікірінше, 700-800 жыл емес Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихы бар.

Майталман археолог өзінің бұл тұжырымын «История Шымкента» атты ғылыми еңбегінде дәлелдеп шығады. Ондағы деректер бiздiң заманымызға дейiнгi екiншi ғасыр мен Оңтүстiк Қазақстанның Ресей империясының құрамына кiргенге дейiнгi кезеңдi қамтыған. Кiтапта археологиялық және мәдени ескерткiштер, осыдан 200 жыл бұрын түсiрiлген суреттер мен Шымкенттiң көне сызбасы бар. Әрбiр көне жәдiгер зерттелiп, оған терең түсiнiк берiлген. Автор бұл деректердi Өзбекстан мен АҚШ-тың және елiмiздiң жетекшi кiтапханалары мен мұрағаттарынан жинапты. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану мұражайының материалдары да кәдеге жараған. Тарихшы – деректанушы 629 жылы Орта Азия елдерi арқылы өткен қытай монахы Сыма Цяннiң жазбаларын зерттей отырып, Шымкенттiң ортағасырлардағы атауы Неджикет (араб тiлiнен аударғанда «жаңа қала» деген мағынаны бередi) болуы мүмкiн дегендi айтады. Мұны өзге де тарихи деректер қуаттай түседi. Мәселен, сол кездегi Ұлы жiбек жолының бойындағы гүлденген қалалардың бiрi Испиджаб (Сайрам) қақпаларының бiрi Неджикет деп аталған. Кейiннен ол «Шымкент қақпасы» деп аталған.

Археолог Бауыржан Байтанаев ежелгі Нуджикент қаласымен қатар осы маңда көптеген қалалардың сілемдері қатар зерттеле бастағандығына назар аудартады. Шымкент пен Түркістанның арасында Ақсубаникед, Күмісшілік деген қалалар болғандығын айтады. Архелогиялық жұмыстар кезiнде ол жерден бiздiң жыл санауымызға дейiнгi ІІ ғасырға жататын керамикалық бұйымдар табылған. Шымкенттiң жасы 2200 жыл деген болжамға осы жәдiгерлер себеп болған едi.

Табылған қыш бұйымдарды зерттеген ғалымдар олардың қазiргi Самарқан қаласынан табылған жәдiгерлермен ұқсастығын анықтаған. Яғни бұл Шымкенттiң сол дәуiрдегi Орта Азиядағы мәдениетi дамыған қалалармен тығыз байланыста болғанын аңғартады.

Шымкент қаласының тарихынан сыр шертiп, толық мәлiмет беретiн алғашқы ғылыми еңбек болып табылатын «История Шымкента» атты кiтабы 500 данамен жарық көрiп отыр. Ол 8 тараудан тұрады.

Б.Байтанаев «Бiз жүргiзген зерттеулер Шымкент Қазақстандағы ең көне шаһарлардың бiрi екенiн анықтап бердi. Өйткенi, қала маңынан табылған заттар сөзiмiздiң нақты дәлелi. Әрине, қарсы пiкiр айтушылар да болуы мүмкiн. Ондай пiкiрталастарға дайынбыз. Ең бастысы, бiз Шымкенттiң тарихы өте тереңде жатқанын бiлдiк. Қазақтарда қала мәдениетi бар екенiн ұғындық. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi екiншi ғасырдан басталатын деректер мен жиырма бiрiншi ғасырда жүргiзiлген зерттеулердi негiзге ала отырып, қаламыздың жасы шамамен 2200 жыл екенiн анықтадық. Ендi бұл мерейтойды халықаралық деңгейде атап өтуге болады. Оған толық құқығымыз да, дәлелiмiз де бар»-дейдi.