Қызметтік баспана кімдерге беріледі?

Ең қымбат пәтер Алматыда

14-003Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру . Үкіметтің «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының үшінші бағыты осылай аталады. Бұл бағыттың аясында қызметтiк тұрғын үй беру мәселесі қарастырылған. Жалпы, бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады? Жолдама алудың жолы қандай? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Аты айтып тұрғандай, бұл бағыт ел азаматтарының экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық мүмкіндіктері зор орталықтарға өз еркімен көшуіне жәрдемдесуді көздейді. Сол арқылы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттырамыз. Бағдарламаның бұл бағытына қатысудың басым құқығын ауыл жастары иеленетін болады. Яғни, басты назар тепсе темір үзетін, жұмысқа қабілетті алайда, елді мекеннің әлеуеттік мүмкіндігінің аздығанан «екі қолға бір күрек» таба алмай жүрген азаматтарға аударылады.

Былтыр осы бағыт бойынша облысымызда әлеуеті төмен деген 17 елді мекеннің тізбесі бекітілген болатын. Ондағы тұрғындарды Шымкент қаласының іргесіндегі «Нұрсәт» шағынауданында салынып жатқан 480 пәтерлі үйлердің біріне көшіру көзделген. Алайда, жылдың соңында облыстық өңірлік комиссияда іріктелген отбасылардың тек 30-ы ғана қалаға қоныс аударып үлгерді. Егер нақтылы сандарға сүйенсек, былтырғы жылы қоныс аударады делінген 5170 азаматтың 134-і ғана көшіп келген. Атап айтқанда, Отырар ауданынан 9 отбасы, Созақ ауданынан 2 отбасы, Шардара ауданынан 2 отбасы және Арыс қаласынан 12 отбасы, Түркістан қаласынан 5 отбасы жаңадан қоныс тойын тойлады. Шымкент қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің еңбек ресурсының ұтқырлығын арттыру секторының мамандары көшіру мәселесінің кешеуілдеу себебін осы мақсатта салынып жатқан үйлердің құрылысының аяқталмай отырғандығымен байланыстыруға болатынын алға тартады.

Айта кетейік, былтырғы жылы бітуге тиіс 6 үйдің тек біреуінің ғана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қайсыбір азаматтар әлеуметтік әлеуетінің төмендігіне қарамастан қалаға келуге құмбыл емес. Сала мамандары әсіресе, аға буынның ауылдан жырақтағысы келмейтінін айтады. Бұл да өз кезегінде көштің көлікті һәм көрікті болуына кереғар әсер етіп жатыр. Ал көшіп келген 30 отбасыға 3,7 миллион теңгенің субсидиясы үлестірілген. Биылғы жылы Шымкентке қоныс аударатын отбасыларға 36 миллион теңгенің қаражаты қаралып отыр. Сонымен, тізімге ілінген болашағы жоқ ауылдардан қалаға кімдер қоныс аударуы тиіс? Еңбек ресурсының ұтқырлығын арттыру сектор мамандарының сөзіне қарағанда, қоныс аударуы тиіс отбасында кем дегенде еңбекке жарамды бір азамат болуы тиіс. Бағдарламаға қатысу үшін жолдаманы құзырлы мекеменің аудандардағы бөлімдері береді. Бұл мәселені облыстық өңірлік комиссия сарапқа салады.

Ең қымбат пәтер Алматыда
Ең қымбат пәтер Алматыда

Бүгінде экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық белсенді аймақтарға қоныс аударушылар үшін «Нұрсәт» шағын ауданында жалпы ауданы 31260 шаршы метрді құрайтын 6 бірдей тұрғын үйдің құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Ал осы бағыттың қатысушыларына арналып салынып жатқан тағы бір тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Нысан мемлекеттік қабылдау актісімен қабылданып алынды. Пайдалануға беру туралы қаулысы да дайын. Сондай-ақ, тағы бір тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары да әне-міне біткелі тұр. Құзырлы мекеменің еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру секторы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, нысан осы жылдың мамыр айында тапсырылады деп күтілуде.

 

Артық болмас білгенің…

Бағдарламаның 3-ші бағыты бойынша қабылданатын құжаттар:

1) жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі;

2) отбасы құрамы туралы мәлімет;

3) ата – анасы туралы мәлімет; (жетім балалар, балалар үйінде тәрбиеленгендер үшін);

4) тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелегенін растайтын құжаттың көшірмесі (мекенжай анықтамасы ХҚКО-нан), үй кітапшасының көшірмесі);

5) еңбек кітапшасының көшірмесі;

6) білімі туралы құжат (диплом, аттестат, куәлік);

7) жұмыссыз есебінде тіркелгені туралы анықтама және карточкасының көшірмесі;

8) тұрғын үйінің бар – жоғы туралы анықтама (кәмілетке толған отбасы мүшелерін қоса ҚР,ОҚО бойынша) ХҚКО-нан;

9) зейнетақы қорына түсімдер туралы анықтама ХҚКО-нан;

10) тезтікпе.

 

«23» жасқа келіспей отыр

Былтыр Үкімет қабылдаған қаулы бойынша салынған үйлер әлеуеті төмен отбасылар мен толық қамтылған жағдайда облыс орталықтарында үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік жағдайы бағдарлама санатына сәйкес келетін болса, оларға осы үйден пәтер беру мәселесі көзделген еді.

Олар кемінде үш жыл кезекте тұрған, аз қамтамасыз етілген немесе өздігінен жұмыспен қамтылған азаматтар болуы тиіс деген шарт қойылған. Осыған байланысты, осы санаттағы 41 отбасы облыстық комиссияның шешімін алған. Өкінішке қарай, қаулы өткен жылдың соңында күшін жойды. Оның орнына Үкімет жаңа қаулы шығарды. Онда әлеуеті төмен отбасылардың санатына 23 жасқа дейінгі жетім балалар, балалар үйінде тәрбиеленгендер енгізілді.

Алайда, әлеуметтік саланың мамандары «23» жасқа келіспей отыр. Олар «жетім балалардың тағдырын осы жаспен шектеп қоюға боламайды» дегенді алға тартады. Әлеуметтік сарапшылар жанашыры жоққа тән жетімдердің оқуына, басқа да әлеуметтік жағдайына байланысты 29 жасқа дейін мемлекет қолдауын қажет ететінін айтады. Сондықтан қаулыға өзгеріс енгізіп, «23»-ті «29» жасқа ауыстыру мәселесін өтінген сала мамандарының ұсынысы бүгінде тиісті министрлікте жатыр.