Кәсіпкерлер жастарға жетістігінің құпиясын ашты

780
Кәсіпкер шымкенттіктерге арнап, "жетістік жолы" атты лекциясын оқыды

Жастар кәсіпкерліктің бүге-шігесіне дейін білуі тиіс. «Бизнеске жол көрсет» әлеуметтік жобасы аясында белгілі кәсіпкер Серікбай Бисекеевпен кездесіп, «жетістік жолы» атты лекциясын тыңдады олар. Дәрісін қызықты әрі қарапайым түрде оқыған кәсіпкер, Ресейде ғана емес, бүкіл әлемде бәсекеге қабілетті танымал жоғары технологиялы өнім шығаратын ірі корпорация құру жолының құпиясын ашты.

Кәсіпкер Серікбай Бисекеев шымкенттік жастармен кездесіп, "жетістік жолы" лекциясын оқыды
Кәсіпкер Серікбай Бисекеев шымкенттік жастармен кездесіп, «жетістік жолы» лекциясын оқыды

Серікбай Бисекеев, кәсіпкер: «Мен де қарапайым ауылдың қара баласы болып өстім. 1994 жылы Ресейде алғашқы бизнесімді GSM стандарты бойынша ұялы телефондар сатуды қолға алдым. Кейін бизнесті дамыту үшін өз инновацияларымызды жасау бағытында жұмыс істедік. 2005 жылы компания өнеркәсіптің түрлі салаларындағы кәсіпорындар үшін қауіпсіздік және байланыс жүйесі қондырғыларының өндірісін бастады. Келешекке үлкен жоспарларымыз бар. Алдағы үш жылда осы салада әлемдік көшбасшы болу мақсатын қойып отырмыз. Ең бастысы алға мақсат қойып, қорықпай, сол үшін тынымсыз әрі әділ жұмыс істеу қажет. Әрине, кедергілерге мойымау – нағыз кәсіпкердің ұстанымы».

Қиындықтарды жеңу үлкен жетістікке сүйрейді деген Серікбай Бисекеев өзінің жетістік жолымен бөлісті осылай. Ол өткен жылы Ресейдің үздік жыл кәсіпкері болып танылған. Бүгінде ірі корпорациясы әлемдік бәсекені басып озған кәсіпкердің дәрісін тыңдауға жастолқын көп жиналды. Ал 22 жастағы Мөлдір Әбдірахманова болашақта өз кәсібін дөңгелету жолында бұл лекцияның маңызы зор деп есептейді.

Белгілі кәсіпкердің лекциясын тыңдауға келгендердің қарасы қалың болды
Белгілі кәсіпкердің лекциясын тыңдауға келгендердің қарасы қалың болды

Мөлдір Әбдірахманова, жас маман: «Бүгін Серікбай Бисекеевтің лекциясын тыңдап, бәріміз жасап қалдық десем болады. Жүзімізде қуаныш, көңілімізде сенім пайда болды. Себебі біз әрдайым кәсіпкер болу үшін белгілі бір шенеуніктің баласы болуымыз немесе тұрмысымыз жақсы болуы керек деп ойлайтынбыз. Бүгінге дейін осылай ойлап келдім өзім. Қарап отырсақ, Серікбай ағамыз қарапайым ғана отбасынан шығыпты. Ол ешқандай да шенеуніктің баласы болмаған, барлық жетістігіне өз күшімен қол жетікізіпі. Ешкімнің қамқорлығынсыз-ақ! Бізге өзінің өмірбаянын және әрбір басқан қадамын түсіндіріп, баяндап берді. Неткен жетістік, неткен қабілет, неткен ақыл! Бәрімізге осы ағамыздың жолын берсін дегім келеді. Сол үшін лекция барысында өзіме қажетті деген мәліметтерді түртіп отырмын қағазға. Мен кішкентай кезімнен сұлулық салонын ашсам деп армандайтынмын. Сол үшін болашақта өзімді кәсіпкер ретінде көремін деген үміттемін. Ия, дәл қазіргі уақытта біздің қаламызда, жалпы Қазақстанда сұлулық салондары өте көп, бірақ менің ашқан сұлулық салоным әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті болады!».

Түрлі сұрақтар қойып, кәсіпкердің өмір жолына қызығушылқпен қарағандар көп болды
Түрлі сұрақтар қойып, кәсіпкердің өмір жолына қызығушылықпен қарағандар көп болды

Марат Жангелді, студент: «Мен әлі студентпін. Жасым 19-да. Бірақ еліміздің экономикасы қарқын ала дамуы үшін міндетті түрде кәсіпкерліктің дамуы маңызды. Сол үшін мен де болашақта кәсіпкер болғым келеді. Маркетинг мамандығын меңгеріп жатырмын. Бұл да өміріме өз пайдасын әкелер деген оймен. Қалай болған да мен болашақта Қазақстанның экономикасының дамуына өзіндік үлесімді қосқым келеді. Атын шығарғым келеді. Дамыған үздік мемелекеттердің қатарынан көргім келеді. Ал сол Германия, Жапонияда шығарылатын автокөліктерді Қазақстаннан шығарамын деп ойлаймын. Ол үшін менің білімім мен тәжірибемнің маңызы зор екенін де білемін. Бірақ алдағы мақсатыма жету үшін барымша тырысамын».

Алдағы күндері Қазақстан жас кәсіпкерлер қауымдастығы мұндай маңызы мол шаралар жиі өткізіледі деп жоспарлап отыр.