Шымкентте бір үйден тұтас қару-жарақ қоймасы табылды

892
Бір үйден табылған қару-жарақ бүтіндей бір взводты қамтамасыз етуге жетеді

Шымкентте бір үйден кәдімгідей қару қоймасы анықталды. Қала тұрғыны өз үйінің жанындағы сарайда 10-нан аса қаруды заңсыз сақтап келген. Тіпті 35 қорап оқ-дәрі де бар болып шықты. Бірақ, үй иесі бұл қару-жарақтың  қайдан пайда болғанын білмеймін деп міз бақпай отыр.

Бір үйден табылған қару-жарақ бүтіндей бір взводты қамтамасыз етуге жетеді
Бір үйден табылған қару-жарақ бүтіндей бір бөлімшені қамтамасыз етуге жетеді

Cарайдың әр бұрышынан бір қарудан табылғана полицейлердің өзі аң-таң. Мылтықтың түр-түрі, қару-жарақтың оқтары қорап-қорап болып жатыр. Тіпті, қарудың арнайы қабына салынғандары да бар болып шықты. Мұнда, тіпті, пышақтар мен қара бетперде де жасырылыпты. Бірде-бірінің тиісті құжаттары жоқ. Табылған қарудың тізімі: 12 калибрлі екі шолақ мылтық, 16 калибрлі бір шолақ мылтық, бір мылтық сабының қорабы мен бір оқпан ұңғы, 12 калибрлі бір «Байкал» мылтығы, 12 калибрлі бір «Mossberg» мылтығы, бір «Browning» тапаншасы, бір «Knalltatr» тапаншасы, бір «Mag» тапаншасы және көптеген оқ-дәрілер мен бетперде.

Ал 50 жастағы үй иесі осыншама қару-жарақ баламның достарына тиесілі болуы мүмкін деп отыр.

50 жастағы үй иесі ұлының қайда екенін білмейді
50 жастағы үй иесі ұлының қайда екенін білмейді

» – Мына қару-жарақтың барлығы кімдікі?

– Мен оны білмеймін.

– Үйіңізде қалай пайда болған?

– Баламның достары үйімізге жиі келеді. Солар әкеліп тастаған шығар…

– Балаңыздың аты кім?

– Ғалымжан.

– Қазір қайда жүр?

– Соны өзім де білмеймін. Ұялы телефоны өшірулі, өзіміз де таппай жатырмыз.»

Қазіргі таңда қару-жарақ табылған үй иесінің баласы іздестіліп жатыр. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл күдіктінің жасөспірімдер арасындағы төбелеске қатысы болуы мүмкін.

Қуат Құдайбергенов, ОҚО ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының аға жедел уәкілі
Қуат Құдайбергенов, ОҚО ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының аға жедел уәкілі

 Қуат Құдайбергенов, ОҚО ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілі: «Бұл үйдің иесінің баласы – кәмелет жасына жаңадан толған. Шымкенттегі оқу орындарының бірінде оқып жүрген жерінен теріс қылығы үшін оқудан шығарылған. Өзі жастар арасындағы ерегіс-төбелестерге, атыстарға қатысы болуы мүмкін деп отырмыз. Қазір осы фактілерді анықтап жатырмыз.»

Сөйтіп, әзірге осыншама көп қарудың қайдан алынғаны белгісіз қалып отыр. Тергеу-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Айта кетерлік жайт, бұл қару-жарақ қоймасы Оңтүстікте өтіп жатқан «Қару» шұғыл-іздестіру операциясы барысында әшкереленді. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары небәрі 5 күннің ішінде қаруды заңсыз алып жүруге және заңсыз сақтауға байланысты 100-ден аса факті анықталған. Олардың кейбірі қаруды жолдан тауып алдым деп жауапкершіліктен жалтармақ болыпты.

Мұрат Алтаев, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы
Мұрат Алтаев, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы

Мұрат Алтаев, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы: «Заңсыз қару тәркіленген 62 факті бар. Соның ішінде 3 ойық ұңғылы мылтық, 1 қолдан жасалған қару, 13 шолақ мылтық, 11 тапанша да бар. Ал енді бір азаматтар 48 қаруды өз еркімен тапсырды. Оның арасында 1 шолақ мылтық, 6 газ тапаншасы және 42 тегіс ұңғылы қару бар».

Алаңдатыны сол – атыс қаруларының көбісі жасөспірімдерден алынып отыр. Қазіргі таңда қару табылған 62 адамға қатысты әкімшілік айыппұл кесу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал тәркіленген қарулар баллистикалық сот сараптамасына жіберіліп, осы уақытқа дейін орын алған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Жоғарыда аталған, өз үйінде қару сақтаған азамат енді жауапкершілікке тартылады.

Азаматтардан тәркіленген қару-жарақтар
Азаматтардан тәркіленген қару-жарақтар

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=lwMlPLdfk-c[/youtube]