Адамды еңбек түзейді

Серікбай Дүйсенов

Түрме жайында аз айтып жүрген жоқпыз. Көбірек білгіміз келеді. Анығы сол, тар қапаста да қыз-қыз қайнаған тіршілік. Өмірде жаза басқан пенделер біз ойлағандай қоғамнан оқшау емес. Бұл жолы қаладағы ИЧ-167/10 Қоныс колониясының тыныс-тіршілігіне үңіліп көрген едік. Сотталған азаматтарды бостандыққа дайындайтын мекеменің басшысы Серікбай Дүйсенов бізді біршама жәйттен хабардар етті.

Серікбай Дүйсенов
Серікбай Дүйсенов

«Колонияның аты айқындап тұрғандай, мұнда негізінен нақты түзелу жолына түскен азаматтар қоныстанады. Яғни, түзеу мекемелерінен толық зерделеніп, жазасын өтеу барысында түзелу жолына түскендігін нақты дәлелдегендер. Оның өзі соттың шешімімен шығарылады. Біздің міндетіміз – сотты болғандарды қоғамдық өмірге бейімдеу әрі бостандыққа дайындау»,- дейді колония басшысы. Мекемеде 200-ден астам азамат жазасын өтеп жатыр екен. Бәрі де Оңтүстіктің жергілікті тұрғындары. Бостандығынан айырылғандардың арасында мемлекеттік қызметкер, құқық қорғау органдарының өкілдері бар. Жаза басқандардың 35-і нәзік жандар. Иә, заң бәріне ортақ. Серікбай Есенгелдіұлының айтуына қарағанда, мұнда тәртіп бұзғандар келген жағына қайтарылады екен. Жыл басынан бері 3 азамат соттың шешімімен кері қайтарылыпты.

Рас, түрмедегілерді тағылымды іс-шаралар ғана түземек. Мекеме басшысы «адамды еңбек түзейтінін» жіті ұғынады. Айтуынша, қол астындағылардың 90%-ы жұмысқа орналасқан. Тек зейнеткерлер ғана бұл міндеттен босатылған. Заңға сәйкес, олар күн­діз қалада жұ­мыс істеп, кешке қайтып келуге міндетті. Аңғарғанымыздай, сотталғандар қаладағы 12 кәсіпорынның жұмысын дөңгелетуде. «Колонияның басқалардан өгешелігі – азаматтарымыз біркелкі киім үл­гі­сі­мен емес, не кием десе де өз еркі. Тек әйелдер қысқа юбка, омы­рауы ашық көйлек кимесе болғаны», – дейді С.Дүйсенов түрменің тәртібін түсіндіріп. Бір айта кететіні, бас бостандығынан айырылғандар мейрам кезінде туған-туысқандарының жанында болып келуге рұқсат.

Жаны жаралы жандар әманда рухани қолдауға зәру. Осыны түсініп-түйсінген түрме басшысы мәдени-спорттық іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылатынын қуана жеткізді. «Көпшілік болғандықтан, өнерпаз, дарынды азаматтар кездеседі. Сондықтан, барлық мейрамды хал-қадірімізше атап өтеміз. Баса назар аударатынымыз осы. Жиын-кештерді ұйымдастырып, жүргізетін де өздері. Бізде көбінесе, ән айту мен футболдан жарыстар ұйымдастырылады. Мекемеде дарындылар өте көп. Суретшілер мен мүсіншілер, әсем әуезді әншілер мен адуынды ақындар дегендей. Тіпті театрдың пьесасын жазатын драматургтерді де кездестіресіз. Бір сөзбен айтқанда колонияда шығармашылық орта да бар», – дейді ол.

Әрине, жұмыс барысында кемшіліктер болмай тұрмайды. Ал «қоныстықтарды» қинайтыны, мамандардың аздығы. Жалындаған басшы бұл жәйтті бізден жасырып қала алған жоқ. Бақылаушылардың аздығы шаруаны әлі де болса ширатуға кедергі. «Жағдай осылай екен деп қол қусырып отыруға болмайды. Қызметкерлеріміз аз болса да келешектен үміт мол. Бәрі де еліміз үшін еңбек етіп жүр»,- дейді болашаққа көз тігіп. – Ешкім де темір тормен қауышуды қаламайтыны мәлім. Өкінішке қарай, әлі де болса қылмысқа баратындар азаяр емес. «Тәрбие тал бесіктен» дейміз ғой. Әрбір ата-ана бауыр еті баласын о бастан тәрбиелесе екен. «Менің арманым – қазақ елінің азаматтары тек жақсылық көрсін!»,– деп үлгілі басшы сөзін осылай сабақтады.

Тағабай ҚАСЫМ