Бала түйме жұтып қойса…

Ең алдымен баланың тыныс алуына назар аударыңыз
Ең алдымен баланың тыныс алуына назар аударыңыз
Ең алдымен баланың тыныс алуына назар аударыңыз

Еңбектегеннен бастап, қаз басқанша балаға жіті бақылау керек-ақ. Әр нәрсені аузына салып, тіпті өзге затты жұтып қоятын «бұзықтар» бар. Мұндайда баланың ата-анасы жедел жәрдем келгенше не істеу қажет?

Ең алдымен баланың тыныс алуына назар аударыңыз. Егер бала дұрыс дем ала алмай, жылап, еріндері көгеріп жататын болса, жұтып қойған бөгде зат тамағына не жоғарғы тыныс алу жолына тұрып қалған. Мұндайда бала дауыс шығармауы да мүмкін. Қатты қызарып, талып қалады. Сіздің алғашқы әрекетіңіз,

1) Орындыққа отырып, баланы тізеңізге жатқызыңыз. Басы төмен қарау керек, яғни тізеңізге оның іші тисін.

2) Екі жауырынының ортасынан 4 рет ұрыңыз. Алақаныңыз қатты не тым жай тимесін.

3) Егер бала жұтып қойған зат бері қарай жылжыса, саусағыңызбен алып тастауға тырысыңыз. Бірақ мұндайда тым ұқыпты болу керек. Тамаққа келіп тірелген затты саусақпен аламын деп ары итеріп жіберуіңіз де мүмкін. Сол себепті абыржымай, әрі жедел қимылдауға тырысыңыз.

4) Егер арқасына ұрғаныңызда, өңешіндегі зат бері қарай жылжымаса, келесі әрекеттерді жасап көріңіз. Ол:

• Баланы қатты кеңістікке жатқызып, басын жоғары қаратыңыз да, иегін көтеріңіз;

• Екі саусағыңызды баланың қабырға тұсыны қойып, қаттырақ басыңыз. Қимылыңыз тез әрі қатты болсын. Бұл жұтып қойған затты жоғары қарай шығарудың тәсілі;

• Бұл әдіс бір дегеннен нәтиже бермесе 4 рет қайталап көріңіз.

Бала талып қалған жағдайда:

1) баланы арқасымен жатқызып, басын жоғары көтеріңіз. Бұл тыныс алу жолдарын ашу әрекеті.

2) Егер бала дем алмай жатса, жасанды тыныс беру әдісін жасаңыз. Баланың мұрнын қысып тұрып, аузына ауа үріңіз.

Жасанды ауа беру әдісін дұрыс жасау үшін:

• бала өздігінен тыныс алып жатса, ешқашан жасанды тыныс беру әдісін жасамаңыз. Бұл оған ауыр тиеді әрі өміріне қауіпті болады;

• басын жоғары ұстап, иегін көтеріңіз. Бұл жоғарыда айтылғандай баланың тыныс алу жолдарын ашады;

• баланың беті кішкентай болғандықтан, ауаны мұрын және ауыз арқылы үре аласыз;

• Әрбір ауа үру әрекетінен кейін баланың тыныс алуын бақылаңыз. Егер ол тыныс ала бастаса, бәрі дұрыс. Дәрігерді күтіп, ауруханаға барыңыздар.

Ең бастысы:

1. Балаңыздың тым ұсақ заттармен ойнамауына назар аударыңыз.

2. Жеті жасқа толғанша жаңғақ, мұзша кәмпит, пісте сияқты азықтарды жегізбеуге тырысыңыз.

3. Полиэтиленді қалта, химиялық жуу құралдары, желім, бояу сияқты заттарды да бала қолынан алыс жерде ұстаңыз.

4. Егер бөгде затты құлағына не мұрнына тығып ойнаса дереу дәрігерді шақыртыңыз. Өзіңіз алам деп жағдайды ушықтырып алмағаныңыз дұрыс. Зат мұрнында болса, бұрыш иіскетіп түшкіртуге тырысыңыз. Ал құлағында болса отолорингологтың көмегі қажет. Сақтықта қорлық жоқ деген. Балаңыздың саулығы сіздің жауапкершілігіңізде жатқанын ұмытпағайсыз.