Батыр болып оралды

Айдарбек Батырбеков
Айдарбек Батырбеков
Айдарбек Батырбеков

Жыл сайын еліміздің қарулы күштері қатарына мыңдаған азамат шақырылады. Әскерге кетіп бара жатқан ұлын қимай, көп ана көз жасына ерік берсе де, Отан қорғауға жіберуге мәжбүр. Ал баласы әскерден қашып кетпей, абыроймен оралса, ата-ана үшін одан асқан мерей жоқ!

Шымкенттік Батырбековтер отбасы қуанышқа кенелді. Осыдан тура бір жыл бұрын ортаншы ұлы Айдарбек Павлодардағы 55\12 әскери бөліміне отан алдындағы борышын өтеуге кеткен еді. Кешегі қатардағы жауынгер бүгін отбасына батыр болып оралды. Қайсар жігіт өртке оранған көп қабатты үйдің тұрғындарын аман алып қалған.

Айдарбек Батырбеков: «Әскердегі борышымды өтеудің алғашқы күнді өмір бойы есімде сақтайтын шығармын. Өйткені, осы күні болған оқиға мені қатты қорқытты. Сондағы Лермонтов көшесінің бойынан будақтаған көк түтінді көргенде зәре құтым қалмағаны рас. Байқасам, сондағы 5 қабатты үйден түтін шығып жатыр екен. Қауіпті көрдім де сонда ұштым. Тұрғындарды апаттан аман алып қалғым келді. Басымды сан түрлі ой мазаласа да, менде тұрғындарға көмектесемін деген жалғыз ой ғана болды. Өйткені, ол менің міндетім еді».

Жас жігіт көп қабатты үйдің тұрғындарына алғаш болып көмек қолын созыпты, жалынға оранған пәтерден адамдарды шығарған. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар келген соң да тілсіз жауды ауыздықтауға атсалысқан.

Осы оқиғадан соң Айдарбек Батырбековке Павлодардың әкімі алғысын білдіріп, «2-ші дәрежелі Қайсар» орденімен марапаттаған. Ал өрт сөндірушілердің өзі «Өрт кезінде көрсеткен ерлігі үшін» медалін тағыпты омырауына. Бұл абырой әскерге барудың нәтижесі деп есептейді өзі.

Айдарбектің анасы ұлымен мақтанады. Баласы батыр атанып келді. Ана үшін одан артық не керек?! Ол былтыр ғана әскерге кеткен Айдарбегін сағынып, қанша түнді уайыммен өткізіп еді.

Ұлдаргүл Қасқырбайқызы, Айдарбектің анасы: «Айдарбек менің екінші ұлым. Балаларымның ішінде осы ұлым кішкентайынан әскерге барамын деп қоймайтын. Сол күн де келіп жеткен бір күні балам «мама, мен әскерге кететін болдым. Қашан баратыным да белгілі болды» деді. Кететін күні, яғни ертеңіне балама жұмыстан ертерек шығып, шығарып салатынымды айтқанмын. Бірақ сол күні қандай да бір себеппен теміржол вокзалына кеш жетіп, ұлымды шығарып сала алмадым. Қайтып келе жатқанымда өкініштен жылағанымды көрсеңіз ғой. Қанша түнді ұйқысыз, жастықты жасқа шылап өткізетінмін. Құдайға тәуба, Айдарбегім әскерден абыроймен оралды. Әкімдіктегілер де көрген білгеннің бәрі баламды мақтап, әкесі екеумізге рахмет айтып жатыр. Одан басқа бізге не керек?! Ұлымды мәртебе санап, мақтан тұтамын».

Әскери борышын өтеген сарбазға мемлекеттік қызметке орналасуға бөлімнен жолдама беріліпті. Абыройы үстем Айдарбек енді халыққа қызмет ету жолында да аянбай тер төксем дейді.