Бақытжан Ошақбаев әділдік іздейді

611
Дәрігерлер өздерін ақтап алуға дайын

Осыдан 10 ай бұрын жиенінен айрылған Бақытжан Ошақбаевтың әділдік іздеп құқыққорғау органдарына жазған арыз-шағымдары мен Елбасына жіберген хаты бір бума болған. 19 жастағы Ермұханбет Ошақбаев аурухана төсегінде жан тапсырған. Туыстары оның өліміне Төлеби аудандық және облыстық аурухана дәрігерлерін кінәлайды.

 

Бақытжан Ошақбаев
Бақытжан Ошақбаев

Бақытжан Ошақбаев, Ермұханбет Ошақбаевтың нағашы ағасы: «Ол дәрігерлер медицина саласында мүлдем жұмыс істеуге, қасына жолауға лайықты адамдар емес. Медицина саласынан аластатылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылса деймін».

Өмірі қыршыннан қиылған Ермұханбет дәл осы аудандық ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Сенбі мен жексенбіні сылтау еткен кезекші дәрігерлер зәр шығара алмай қалған жігітті дүйсенбі күні ғана қабылдап, міндеттеріне жүрдім-бардым қараған дейді нағашысы.

Дәрігерлер өздерін ақтап алуға дайын
Дәрігерлер өздерін ақтап алуға дайын

Төрт күн бойы Төлеби аудандық ауруханасында төсек тартып жатқан Ермұханбетке «жедел цистит»  деген диагноз қойған дәрігерлер оны облыстық ауруханаға кеңес алуға жіберген. Алайда араға екі апта салып , 19 жастағы жігіт облыстық ауруханада өзге диагнозбен көз жұмады. Ал осы уақытта жергілікті дәрігерлер оған «дені сау» деп шешім шығарып үлгереді.

Төлеби аудандық аурухана дәрігерлерінің берген қағазы
Төлеби аудандық аурухана дәрігерлерінің берген қағазы

Бұрын-соңды өңір тұрғындарында кездеспеген Гийена Барре синдромы  кеселін облыс дәрігерлері кеш анықтаған.

Махаббат Омышева, облыстық клиникалық аурухананың дәрігер: «Гийена Барре» синдромы  өте ауыр ауру. Нерв талшықтары зақымданады. Бұлшық еттер күшін жоғалтады. Саусақтардың ұшынан бастап, жұтқыншақ бұлшық еттерінен дейін істен шығады. Оны сразу анықтау қиын. Адам өліп кетуі де мүмкін».

Аты жаман ауруды жедел циститпен шатастырып, емдеп болмай жатып сауықты деген аудандық аурухананың бас дәрігерінен мән-жайды анықтау мүмкін болмады. Ал хатшысы әлденені дәлелдегісі келгендей шыр-пыры шықты.

Дәрігерлердің салғырттығынан қаза болған Ермұханбет Ошақбаев
Дәрігерлердің салғырттығынан қаза болған Ермұханбет Ошақбаев

Десе де, медициналық қызметті бақылау комитеті өткен жылдың ақпан айында-ақ аудандық аурухананың кінәсін анықтап қойған. Олар ұйымдастырушылық-диагностикалық және емдеу-тактикалық қателіктер жіберген. Айта өтейік, облыста дәрігерлердің салғырттығынан шағымданатындар көп.

Бақыт Қозыбақов, ОҚО бойынша бас медициналық сарапшы: «Медициналық бақылау бөліміне 309 шағым түскен. Жеке және заңды тұлғалардың өтіні бойынша келіп түсіп жатыр. 184-і тексерілді. Сол 184 шағым бойынша 154 денсаулық сақтау мекемелері тексерілді. Оның 93-і яғни 51 пайызы медициналық қызметтің сапасына шағымданған».

Бақытжан Ошақбаев сот сараптамасының қорытындысын сұрап, тергеушілерді іздеп күнде келеді
Бақытжан Ошақбаев сот сараптамасының қорытындысын сұрап, тергеушілерді іздеп күнде келеді

Ақ халаттыларды жауапқа тарту сот медициналық сараптамасынан кейін жүргізілетін іс депті тергеушілер. Заңда солай делінген. Бірақ, аудандық ішкі істер бөлімі осыдан алты ай бұрын тағайындаған сараптамасының нәтижесі әлі белгісіз. Бақытжан Ошақбаевты мазалайтыны да осы тұс.

Ермек Тұрғанбаев, Төлеби аудандық ІІБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары: «Әлі заключение дайын емес, ол бізге байланысты емес қой. Экспертизанын бермей жатса, не істейін?»

Басшысы осылай басын алып қашса, қосшысы яғни тергеушінің заңды белінен басып жүргенін кімнен жасырамыз? Өзі кінәсін мойындайды да.

Серік Әбдиев, Төлеби аудандық ІІБ тергеушісі: «Ондай болмайды, барлығы заң аясында шешілуі керек».

Мардымды жауапты тек аудандық прокуратурадан ғана естідік. Бір қызығы, осы іске біздің түсіру тобымыз араласқаннан кейін, алты ай бойы дайын болмай келген сот сараптамасының нәтижесі, алты минуттың ішінде аудан прокурорының стөліне дап-дайын болып жетті.

Төлеби ауданының прокуроры Қанат Елшібаев
Төлеби ауданының прокуроры Қанат Елшібаев

Қанат Елшібаев, Төлеби аудандық прокуроры: «Сараптама тағайындалған. Олар бізге специалист керек деген. Басқармаға жіберген оны. Специалисттердің біреуі отпускіде болса, екіншісі бармаған. Оны қайталама жіберген. Сөйтіп созбалаңдыққа салынып кеткен. Енді сараптаманың қорытындысын алдық. Қылмыстық іс қозғап береміз. Солай заңды шешім шығарып береміз».

Осылайша, алғашында қылмыстық іс қозғаудан бар тартқан ішкі істер бөлімі, енді қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізетін болды. Дәрігерлердің бала өліміне қатысы бар ма, жоқ па оны енді прокурор анықтайтын болады.

Бақытжан Ошақбаев, Ермұханбет Ошақбаевтың нағашы ағасы: «Бұл істі генеральный прокуратура мен Ішкі істер министрлігі жүргізбесе бұл жерде іс жүреді, қозғауға болады дегенге сенбеймін……»