Шымкентте бас дәрігер 106 миллион теңгені жымқырған

308
№2 психоневрология емхана

 Шымкентте құдасын құдайындай сыйлаған бас дәрігердің былығы әшкереленді. Прокурорлық тексеру кезінде №2 жүйке жүйесі дертері ауруханасының директоры науқастарды түрлі қызметке тағайындап, мемлекет есебінен жалақы төлеп отырғаны белгілі болды. Оған қоса ол туған қарындасын аула сыпырушы етіп жұмысқа қабылдап, мекеме есігін аттап баспаса да оған жарты жыл көлемінде 196 219 теңгені жалақы ретінде берген. Ол аз десеңіз, емдеу мекемесінің бас дәрігері емделушілерге азық-түлік алынды деп қазынаның 102 миллион теңгесін құдасының есепшотына аударып отырыпты.

№2 психоневрология емхана
№2 жүйке жүйесі дерті ауруханасы

Әбутәліп Мұстафаев, Абай ауданының прокуроры: «ҚР қылмыстық кодексінің 307-ші және 176-ші бабымен, яғни, қызмет бабын теріс пайдалану және мемлекет қаржысын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғадық. Осы емханаға бюджеттен бөлінген ақшаның үстінен тағы да 102 миллион теңгеге қосымша тағам алынған. №2 жүйке ауруы емханасының басшылығы 5 жыл бойында 13 науқасты жұмысқа қабылдап, оларға жалақы төлеп отырған. Бұл жалақының көлемі қазір 3 миллион 700 мың теңгені құрап отыр.»

Бүгінде аталған ауруханада 240 науқас емделуде. Олар үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 236 миллион теңге бөлінеді. Соның 75 миллионы ғана азық-түлікке жұмсалуы тиіс. Мекемеге тағайындалған жаңа басшы бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейтінін айтады. Тіпті, әрбір науқас күніне 971 теңгеге тамақ ішетінін де жасырған жоқ.

Мырзахан Жолтаев, ОҚО №2 жүйке жүйесі дерті медициналық-әлеуметтік мекемесінің бас дәрігері: «Бұл – мүмкін емес. Жылына науқастарға 75 миллионның ас-ауқаты сатып алынып жатса, 102 миллион қай жақтан шыққан ақша? Қосымша деген тамақ жоқ. Міне, 75 миллион тамақтың өзі бұларға жетеді. Күніне 5 рет ас ішеді. Таңғы ас, қосымша ас, түскі ас, түс қайта тағы да қосымша ас, сосын 7-де кешкі ас беріледі. Олар тамақты тойып жейді.»