Олар басшыны да, қосшыны да оқытқан

Аманғайша Наурызбаева
Аманғайша Наурызбаева
Аманғайша Наурызбаева

Қазанның бірінші жексенбісі  – Ұстаздар күні! Педагогтар – басшының да, қосшының да ұстазы. Осынау ұлы мамандықты тұмар еткен мұғалімдердің жеке тұлғаны дайындаудағы рөлі айтпаса да түсінікті.

«Ұстазсыз шәкірт – тұл». Бұл ұғымды Аманғайша апай баяғыда-ақ түсінген. Жарты ғасырдан бері ұстаздық етуден жалықпаған мұғалім адам өз мамандығын сүйгенде ғана жақсы нәтиженің боларын меңзейді.

Аманғайша Наурызбаева, №38 мектептің математика пәнінің мұғалімі: «Әркім өз баласын аппағым дейді ғой. Біреуін жамандаса, апасы-атасы өкпелеп қалады. Сондықтан әр баланың тілін табу керек. Тілін табу үшін ұстаз болған адам балаларды жанындай сүю керек. Өзі де еңбек етуі керек.»

Ұстаз деген ұлағатты сөзді ауызға алғанымызда қиялдағы «Рахман ағай» еріксіз еске түседі. Алғаш зердені ашқан мұғалім мен сабағын сүйіп оқытатын ұстаз – қашан да ыстық, қашан да жүрегімізде.

Облыстың бірінші басшысы да шәкірт болған. Оған бағаны математика пәнінің мұғалімі Аманғайша апай да қойды десек, біріңіз сеніп, біріңіз сенбессіз. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» дейді өңір басшысының өзі.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Мен Шымкент қаласындағы 44-ші мектепті бітірдім. Аттестатымда 2 төрт қана болды.»

Осынау ұстаздың қолынан облыс әкімінен бөлек қазірде аты танымал Төретай Бекжігітов, Гүлнар Әшірбаева сынды тұлғалар түлеп ұшқан. Олардың бүгінгі жетістігі – кешегі ұстаз еңбегінің арқасы.

Аманғайша Наурызбаева, №38 мектептің математика пәнінің мұғалімі: «Оларды көрген кезде мен қуанамын. Қазірдің өзінде былтырғы бітірген түлектер хабарласып, құттықтап жатыр. «Ой, апай, ауырмаңыз, көз алдымызда жүріңіз» дейді. Соған қуанасың…»

Бала десе барын аямайтын ұстаздың тағы бірі – Өмір ағай. Оны әріптестері шәкірттің тілін тапқан мұғалім деп біледі. Қоғамда бүгінгі оқушы ата-ана мен ата-әженің еркелері деген пікір қалыптасқаны белгілі. Ал Өмір ағайдың пайымынша, шәкірттің бойындағы осындай ерекше қасиеттерді дұрыс бағытқа тәрбиелесе, одан үлкен адам шығуы мүмкін.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=WQBy-718r4U[/youtube]

Өмір Шыныбекұлы, №41 мектептің тарих пәнінің мұғалімі: «Кейбір әріптестеріміз кешірсін. Бірақ, болмайтын нәрсеге бола оқушыны директорға сүйреп, «завучтың» алдына апарады. Өз басым балалармен жұмыс істеу қиын деп айтпас едім. Мәселен, қазіргі интернеттің өзінде сайтанды да табуға болады, маржанды да табуға болады. Біз сол балаларды маржанды табуға үйретуіміз керек.»

Шымкент қаласында 90-ға жуық мектеп болса, бұл күндері соларда 15 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді екен. Олардың еткен еңбектерінің жетістігі ҰБТ-да, халықаралық додаларда алған жүлделер бойынша сарапталып келеді. Олай болса, тарыдай болып кірген шәкіртті таудай етіп шығарған Ұлағатты Ұстаздар, мерекелеріңіз құтты болсын!