Шымкентте «Жайдарман» өтті

667
Шымкентте КТК ойыны өтті

Көңілді тапқырлардың қызықты кешін Сайрам ауданынан келген «Ақсукент» құрамасы бастады. Жас өнерпаздар «Жайдарманның» сахнасында алғаш рет өнер көрсетіп жатыр. Дегенмен, бұған қарамастан сахнаны жандандыру үшін өздерінің тұщымды әзілдерін ұсынуды ұмытқан жоқ. Алғашында қобалжуды сезіндік деген топ көрерменнің қошеметімен ойынның сәнін кіргізді.

"Жайдарманның" сахнасында бұл жолы 20 құрама өнер көрсетті
«Жайдарманның» сахнасында бұл жолы 20 құрама өнер көрсетті

«Ақсукент» құрамасы: «Алғаш рет «Жайдарманға» келіп тұрған соң, қобалжу, уайымдау деген сияқты сезімдер болғанын жасырмаймыз. Бірақ, бәрі ойдағыдай болды деп ойлаймыз. Көрермендердің қошеметі құтқарды ғой. Әйтпегенде әзілімізді ұмытып қалар ма едік. Ең бастысы, біз өзіміздің дайындап келген тақырыбымызды аша алдық. Мәселен, өзге қалаларға жоғары біліміңді дәлелдейтін дипломыңмен жұмысқа тұруға барсаң, олар міндетті түрде «Шымкенттің дипломы» деп шеттетеді. Сондықтан осы ойға тойтарыс беру үшін біз бүгін өнерімізді паш етіп, аянған жоқпыз. Осы бір «Шымкенттік білім» дейтін көзқарасты жойғымыз келеді.»

Көңілді тапқырлардың айтулы кешінде әр ауданнан келген 20 бірдей топ өнер көрсетті. Ал «Жайдарманның» осы кешін де әдеттегідей «Шымкент жастары» мекемесі ұйымдастырып отыр. Айтуларынша, бұл жолғы әзіл-доданың ерекшелігі де жоқ емес.

 Ерлан Айтбаев, «Шымкент жастары» МКМ директоры: «Бұрынғы ойыннан қазіргі ойынның ерекшелігі – әзілдерінде. Жңа оқу жылында жастар жаңа талпыныспен бастап жатыр. Және әділқазыларымыздың бәрін ауыстырып, жаңадан сайлап жатырмыз. Бұл кезекті ойынның ерекшелігі ғана емес, жаңа бағыт деген сөз. Содан кейін, көбісі Шымкентте КВН дамымай жатыр дейді. Бұл пікірді мен көп естіп жүрмін. 2006 жылдан кейін біздің КТК ойындарының толқыны аяқталды. Себебі «Техас», «Көз тимесін» командаларының барлығы жоғарғы оқу орнын бітірді де соңдарынан ешкімді тәрбиелемей кетіп қалды. Осы екі ортада тоқырау болып қалды, енді қазіргі уақытта, міне, биылдан бастап қайтадан Оңтүстікте «Жайдарман» ойындары жанданып келе жатыр. Оның дәлелі, мысалы, кешегі Астана қаласында өткен қала жүлдесі үшін өткен республикалық ойын. Сол бәсекеде біздің Шымкент қаласы бас жүлдені жеңіп келді.»

Көңілді тапқырлардың кезекті ойынына мемлекет тарапынан ешқандай қаржы қаралмаған, тек демеушілердің көмегімен өтіп жатыр. Ал көрермендер күлкіге қарқ болды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Sx_MT9AXExQ[/youtube]

 Марат Жақсылықов, көрермен: «Мен бүгінгі ойынға келгеніме еш өкінбеймін. Әзілге қанығып отырмын. Мысалы, мектеп оқушылары қатысатын ойын болғандықтан, алғашында қызық өтпейді-ау деген күмән болғанын жасырмаймын. Бірақ, жас ерекшелігне қарамастан, олар үлкендерден қалыс қалмайды екен. Риза болдым, мәселен Жетісайдан келген құрамаға сөзім жоқ. Өте тамаша! Ең бастысы, қоғамдағы шындықты да әзілмен әдемі айтып жатыр ғой. Фестиваль емес, сайыс болғанда бас жүлдені осы топқа беруге болар еді.»

Гүлназ Жеңісбек, көрермен: «Маған ойын ұнады. Бірақ мектептегі оқушылар жаттанды сөйлейтін сияқты ма, маған солай көрінді. Ал арнаулы оқу орындарынан келгендер сахнада өздерін еркін ұстайды екен. Бірақ, мектеп шәкірттері де болашақта осылдар сияқты танымал әзілкештердің қатарынан көрінеді деп сенемін. Маған, әсіресе, Сайрам ауданына келген «Оқиық» құрамасы ұнады.»

Бұл жолы «Жайдарманның» жарқын сахнасын жандандырған өнерпаздар ойыны «Жеңіске достық жетті» ұранымен тәмамдалды. Айта кетейік, КТК ойындарының маусымашарын осы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен құралған топтар ашып отыр.