Көшені тұраққа айналдырғандарға айыппұл кесілді

388
Көше бойын тұраққа айналдырған жүк көліктері

Заңсыз тұраққа жол жоқ! Шымкенттегі Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері тар көшеде тамаша болып, жол жиегіне тұрып алатын жүк көліктерін тазалауды бастап кетті.  Рейдті Абай полиция бөлімінің жол-патрульдік полициясымен бірге жүргізген әкімдік мамандары мұндай шараны аптасына екі рет өткізуді жоспарлап отыр.

Көше бойын тұраққа айналдырған жүк көліктері
Көше бойын тұраққа айналдырған жүк көліктері

Темірлан тасжолы бойындағы «Бекжан» және «Алаш» базарларының маңы заңсыз тұраққа айналған. Мұнда жүк көліктері мен портал көліктер жол жиегінде көптеп тұрады. Жүргізушілер осында көліктері тұрғаны үшін «Нұра-строй» мекемесіне ақы да төлейді екен. Айына үш мың теңге береміз деп ақталған жүргізушілер бейнекамераға сөйлеуден жалтарды. Бірақ, мұны ескерусіз қалдырмаймыз дейді рейд ұйымдастырушылары.

Көліктер уақытша болса да алынды. Тәртіп бұзғандарға ескерту жасалды. Енді дәл осы олқылық қайталанатын болса, оларға айыппұл салынады. Ал «Алматы-Шымкент» тасжолын паналаған жүк көліктерінің жүргізушілеріне ескерту берілген жоқ. Бірден айыппұл салынды. Ал олар өз кезегінде ақталуға тырысты.

Архарбек Әділбеков, жүргізуші: «Көлігімдегі тосолым бітіп қап, соны ауыстырамын деп тоқтаған едім.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=eOT2zCf6zyI[/youtube]

Осылайша қала көшелерінің жиегін заңсыз тұраққа айналдырған жүргізушілердің шаңы қағылды. Олардың бір бөлігі тексеру тобын көре қашса, кейбіреулері ескертуге құлақ та аспады. Бірақ Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері бір нәтиже шыққанша рейд жұмыстары жүргізіле беретінін айтады.

Данабек Апсиков, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Біз аптасына екі-үш рет рейдке шығамыз. Топ құрамын құрдық. Оның ішінде салық басқармасының мамандары, полицияның қызметкерлері де бар. СЭС-тің қызметкерлері де, архитектура, жер бөлімдерінің мамандары да осында. Солармен бірлесіп,осындай рейдтер ұйымдастырамыз.»

Мамандар егер ережеге бағынбай, заңсыз тұраққа үйір болатын жүргізушілер болса, қайта-қайта айыппұл салынатынын ескертіп отыр. Айта өтейік, бүгінгі тәртіп бұзғандарға 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 8655 теңгеден басталатын айыппұл салынды.