Сәкен Қаныбеков шымкенттіктердің мұң-мұқтажын тыңдады

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков өткен аптада Шымкент тұрғындарын жеке мәселесімен қабылдады. Әсіресе, коммуналдық проблемалар бойынша келген жұртшылық проблемасының жақын арада шешілетіні туралы уәде арқалап қайтты.

 Людмила Николаевна үшін қалалық әкімдік екінші үйі іспеттес. Өйткені, өзі тұратын Сасбұқаев көшесіндегі мәселелерді шешу үшін осы жерге кейуана аптасына кемінде екі рет келіп-кетеді. Көше төрайымының осылай жүргеніне 8 жыл болыпты. Бірақ, мәселесі әлі шешілген жоқ. Енді оның бар үміті облыстан келген шендінің қолында.

Людмила Николаевна, Сасбұқаев көшесінің төрайымы: «8 жылдан бері ауламызға балалар алаңшасын салдыра алмай-ақ қойдық. Жердің иесіне бұл жерде заң бойынша балалар алаңшасы салынатынын айтсақ болды, ертеңіне басқа біреу қожайын болып келіп тұрады. Яғни, жер учаскесі біреуден-біреуге сатылудан рекордттық көрсеткішке жетті.»

Осы сынды 10 проблеманы Людмила Николаевна Сәкен Қаныбековтың алдында жайып салды. Сөзінен ұққанымыз, мәселелерін шешу үшін ол бармаған құзіретті орны қалмаған. Тіпті, Елбасыға дейін хат жолдапты. Бірақ, арызы Астанаға жетпей, осындағы жауаптыларға жіберіліпті.

Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселе өз кезегімен шешілетіні туралы түсіндіріп берді. Бұрын түрлі мақсатта пайдаланылған жер түптің түбінде аталған көшедегі тұрғындар үшін алаңша ретінде пайдалануға беріледі деді ол. Бірақ оның қай уақытта жүзеге асырылатыны белгісіз.

Еске салар болсақ, осыдан бес ай бұрын Қаныбеков мырза Сайрам ауданы тұрғындарының да мәселесіне қаныққан еді. Сонда талқы етер тақырып етіп, Әсіл ауылындағы апатты көпірлердің жайымен келген Ілияс қарттың мұңын жеткізгенбіз. Ауылдағы қирайын деп үш көпірдің суретін көрген Қаныбеков дереу шұғыл комиссия құрып, мәселені көзімен көруге уәде еткен.

Бірақ, берілген уәде еш кеткен секілді. Өйткені, Ілияс Шадмановтың ауылына облыс әкімінің орынбасары тұрмақ, оның көмекшілері де келмепті. Демек, мәселенің басы ашық күйінде қалған. Уәденің не себепті орындалмай қалғаны жайлы әкімнің орынбасары былай дейді:

Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Бұл мәселеге облыстық әкімдіктен ақша бөлу туралы мәселе қаралған. Алайда, нағыз ақшаны бөлер тұста қаржыны бөлуі тиіс Кенжехан Төлебаев басқаратын облыстық жұмылдыру дайындығы, дүлей зілзалалардың алдын-алуды ұйымдастыру басқармасы Үкімет шешімімен тарап кетті. Сондықтан, мәселенің басы ашық күйінде қалды. Биыл нақ осы проблема шешілмейді.»

Ілияс Шадмановтың алаңы қазір біршама қалыпқа келгендей. Себебі, қартқа облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының мамандары келіп, көңілін сабасына түсіріп кетіпті. Сөздеріне сенсек, жуық арада ауылдағы мына апатты көпір бұрынғы қалпына келмек. Әсілдіктер тағы да уәденің орындалуын асықпай күтеміз деп отыр. Оған дейін амалдау үшін өткелге топырақ сеуіп, жамап жүр.