Қырық жыл күткен жөндеу

308

Шымкентте кезекті бір үй жаңаланды. Тұрғын үй секторын жаңғырту жобсы аясында Бейбітшілік көшесінің бойындағы бес қабатты үйді жөндеу жұмысы аяқталды. Кеңес заманынан бері сұрқай түрімен көше келбетін бұзып тұрған үй енді алыстан мен мұндалайды. Бұл — биыл жөндеу жұмыстары біткен 20-дан астам үйдің бірі ғана.

Бейбітшілік даңғылы бойындағы бұл үйдің жөндеуі биыл аяқталды. Гүлжан дүкені орналасқан бес қабатты үй 1960-жылдары салынған. Содан бері жөндеу көрмепті.

 Евгений Рудин, тұрғын: «Мен бұл үйге 1965 жылы көшіп келдім. Сол кездің өзінде үйдің жағдайы мәз емес болатын. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмегенбіз. Енді, міне, мамандар жұмысты аяқтады. Біздің көңіліміз толады.»

Жалпы, 2011 жылы тұрғын үй шаруашылығын жаңарту бағдарламасы қолға алынғалы бері 33 үй жөндеуден өткен. Алғашында тұрғындар тарапынан түсініспеушіліктер туындап, бар болғаны 6 үй жаңарса, былтыр бұл көрсеткіш бірден көбейіп, 24 үй жаңартылған. Өкінішке орай, бұл қарқын биыл жалғасын таппай қалыпты. Оған сол баяғы қаржы жетіспеушілігі себеп.

 Берік Әлзахов, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы: «Өткен жылға 25 үйді жөндеу жоспарланған. Соның 24-і толық аяқталып, тапсырдық. Ал биыл 90 үйді жөндеуіміз қажет болатын. Өкінішке орай, мемлекеттен қаржы бөлінбегендіктен, ол жоспар іске аспай қалды.»

Енді сол 90 үйдің орнына келер жылы 37 үй жөнделеді деп жоспарланды. Бұл жұмысқа жұмсалатын ақшаның да көлемі азаяды. Яғни, бастапқы 1 миллиард теңгенің орнына 221 миллион теңге жұмсау ойда бар. Бір айта кетерлігі, мамандар тек үкіметке қол жая бермей, бұл бағдарламаға демеушілерді де жұмылдырып отырмыз дейді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=lY8g3hlz9-A[/youtube]