Тасарық ауылының әкімі есеп берді

687

 Тасарық ауылдық округіне Жамбыл, Оңтүстік, Тасарық, Ханарық елдімекендері кіреді. Мұндағы халық саны 4 мыңнан астам. Өткен жылы ауылға «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 15 млн. теңгеге 120 бас сиыр, 4 бұқа жеткізілген. Тамшылатып суғару әдісін де жергілікті жұрт қолға ала бастапты. Ауылдағы әлеуметтік нысандар да жаңарып, көбейіп келеді екен.

Мейіржан Дүйсебваев, Тасарық ауылдық округінің әкімі: «2013 жылы Ханарық елдімекеніне 36 миллион теңгеге жаңадан медициналық бекет салынды. Сонымен қатар, мына өздеріңіз көріп отырған клубымыз жаңартылып жатыр.»

Тасарықта қазір 2 балабақша жұмыс істейді. Биыл «Балапан» бағдарламасы бойынша 50 орындық тағы екеуін ашу жоспарда бар. Сонымен қатар ауыл-аймақтағы жолдың ұзындығы 35 шақырымды құрайды. Соның 2 шақырымын күрделі жөндеуден өткізудің сметалық жобасы жасалуда екен. Есепке келген ауыл тұрғындары мұнан өзге де мәселелерді тізіп берді.

 Меңлітай Тоқбергенов, Тасарық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Біріншіден, елге газ жеткізу, жол жөндеу, ауызсу жеткізу, арық суын жеткізу керек. Мектептің толық жөндеуі дейміз. Балабақша да бар. Жалпы, мынау әлеуметтік нысандарға қамқорлық жасау керек.»

vvvvv

 Ал 2013 жылы Ханарық елдімекеніне 300 миллион теңгеге су жүйесі тартылған. Бірақ, бұл Тасарықтағы ауызсу мәселесі түбегейлі шешілді деген сөз емес. Жалпы, Төлеби ауданында 62 елдімекен болса, оның 57-не тіршілік нәрі жеткізілген. Дегенмен ондағы жұртшылық әліге дейін 24 сағат су ішеді деуге келмейді. Бұл мәселені болашақта шешетін боламыз деді жиынға келген аудан әкімі.