Өлкеміздегі 10 жылдан бері болмаған сақырлаған қыстың, сары аязды суығын Оңтүстіктің суретшілері кенеп бетіне бейнеледі. «Қысқы пейзаж» тақырыбындағы этюдтік туындылар Бейісбековтердің жанұялық «Алтын орда» галереясында көрермен назарына паш етілді.
Шығармаларда ақ қарға оранған оңтүстіктің тұрмыс-тіршілігі, қала мен дала көрінісі бейнеленген. Реалисттік, импессионисттік бағыттағы майлы бояумен салынған шығармаларда сарышұнақ аяздың лебі сезіледі. Бірі жылы, ал бірі суық колоритте орындалған қыс мезгілінің құбылысын көрермендер аса сезімталдылықпен бағалады.
Құралай Үсенова, көрермен: «Көрме сәтті ұйымдастырылған. Қыс мезгілінің әртүрлі көрінісі, ондағы бояулардың үйлесімі жүйелі. Су шетіндегі көрініс, ағаштар, тастар және су мен ақ қар. Өте тамаша.»
Көрме залында облысымыздың белді суретшілері Берік Сабаев, Күләш Айдарбекова және Шахарбану Әлімқұлова сынды қылқалам шеберлерімен бірге шығармалары іріктелген жас суретшілердің де туындылары қойылды. Тақырыптық көрмеде 15 аса автордың 60-қа жуық шығармасы бар. Ұйымдастырушылар көрменің мақсаты — табиғаттан алыстаған суретшілерді шеберханадан шығып, сурет салдыру дейді.
Болат Бейісбеков, «Алтын орда» галереясының иесі: «Көрмені суретшілер одағының жастар қанаты ұйымдастырып отыр. Қазір суретшілер табиғаттан алыстап кетті. Жастар шығармаларының белді суретшілердің туындыларымен бірге көрмеде қойылуы — олар үшін үлкен абырой. Ал көрменің деңгейі жоғары болу мақсатында келіп түскен 80-нан аса шығарманы мұқият іріктедік.»
Көрмедегі жастардың үздік деп танылған шығармалары іріктеліп, ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан суретшілер одағының ұйымдастыруымен Алматыда өтетін көрмеде өнерсүйер қауым назарына ұсынылады.