Қалдықтар қайта өңделеді

2128

Өндірістік қалдықтарды өңдеп, кәдеге жарату — қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Мәселен, Шымкент қаласындағы қорғасын зауыты мен «Южполиметалл», «Шымкентфосфор» АҚ-ның өндірістік іс-әрекетінің нәтижесінде пайда болған қалдықтардың жалпы көлемі 3265,4 мың тоннаны құрайды. Осы өндірістік қалдықтарды тиімді пайдаға жарату мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің мамандары арнайы жоба жасады.

қалдықтық кәдеге жарайдыЯғни, ондағы қалдықтар қажетті шикізат ретінде «Састөбецемент», «Шымкентцемент» және «Стандартцемент» ЖШС-нің өндірісіне пайдаланылуда екен. Қазіргі таңда өзге де ірі кәсіпорындар өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу ісіне ерекше көңіл бөліп келеді. Мысалы, мұнай өндірісімен айналысатын «ПетроҚазақстан Продактс Ойл» ЖШС өз өндірісінен пайда болған жалпы көлемі 2,2 мың тонна сұйық мұнай қалдықтарын қайта өңдеді.

«Осындай жұмыстардың нәтижесінде тек өткен жылы облыс аумағында өңделген жалпы қалдықтардың көлемі 590 мың тоннаны құрады» дейді мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Қуаныш Ақылбеков. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы жалпы өндірістік қалдықтардың көлемі 14 миллион 240 мың тоннаны құрайды.

Оның ішінде елдімекендерден шыққан коммуналдық қалдықтар 198 полигонда, ал мекемелердің өндірісінен пайда болған қалдықтар 16 полигонда және арнайы белгіленген орындарда орналастырылуда. Бұл ретте Шымкент қаласындағы жалпы аумағы 21 гектарды құрайтын тұрмыстық қалдықтар полигонында 1 миллион 800 мың тонна қалдық жиналған. Бұл полигонға әр жылы орта есеппен 65-70 мың тонна қалдықтар жеткізіледі.

«Осы орайда қоршаған ортаға экологиялық қауіп туғызып отырған, шамамен 400 мың тоннаны құрайтын бұрынғы фосфор зауытының өндірістік қалдықтарын кәдеге жарату ісін де жеделдеткен дұрыс» дейді мамандар. Қазір ондағы фосфор шламдарын қайта өңдеп, залалсыздандырумен айналысып жатқан «Қайнар» ЖШС-нің қарқыны жеткіліксіз көрінеді. Бұл мәселені шешудің тиімді жолы ретінде мамандар мемлекет тарапынан көмек беру арқылы өзге де фосфор қалдығын өңдеуші кәсіпорындарды ашуды ұсынып отыр.