«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында кезекті рет қоғамдық қабылдау өтті. Мәселелерін шеше алмай, тығырыққа тірелген жерлестеріміз арыз-шағымдарын ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметовке жеткізді. Бас-аяғы 15 арызданушының көбі ішкі істер қызметкерлерінің жұмысына наразылығын білдіріп жатса, кейбіреулері алаяқтардың әрекетінен опық жегенін айтуға келіпті. Гүлбахира Тасқынбайқызы бүгін ашық қабылдауға сот өкілдеріне наразылығын айтып келген.
Айтуынша, екі жыл бұрын жас қыз екі бөлмелі пәтер алып беруге көмектесетінін айтып, 1 миллион 191 мың теңгесін алып, үшты-күйлі жоқ болған. Өздерін әкімшілікте жұмыс істеймін, баспананың тізімін жылжытып беремін деп таныстырған екен. Осылайша алаяқ жәбірленушінің ауылдастарын да алдаған. Қазір алданғандардың саны 23-ке жетіп отыр. Біреуінен 8 мың, біреуінен 10 мың АҚШ долларынан алып отырған алаяқ тұрғындардан бас-аяғы 125 мың АҚШ долларын жымқырған.
Гүлбахира Манахова: «Екі жыл болды біздің сандалып жүргенімізге. Өзін Камшат деп таныстырып, ақшаның 70 пайызын өкімет, 30 пайызын өздерің төлейсіңдер деп айтқан соң, жеңілдетілген пәтерден кім де болса, дәмелі ғой… Осылайша санымызды соғып қалдық. Кейіннен білдік қой, оның аты жөні басқа екен.»
Алайда тұрғындар алаяқтың іс-әрекетіне сот өкілдеріне барып арызданғанымен, еш нәтиже шықпай отырғанын айтады. Алаяқтың жоғары жақта көкесі бар дейді олар. Жәбірленушілер қыздың кішкентай сәбиі бар екенін ескеріп, сотқа тек ақшаны ғана қайтарып беруін сұранып отыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=38qWMlx3NBE[/youtube]
Еркін Отаршиев, ОҚО сот актілерін орындау департаменті басшысының орынбасары: «Биыл жаңа заң қабылданды. Өздеріңізге қарасты Абай ауданының сотына барыңыз. Атқару парағына жазып, қайта арызданыңыз. Мәселеңіз қайта қаралады. Ақшаңызды осы жолмен өндіріп аласыз.»
Осылайша тұрғындар жиында бірінен соң бірі өз мәселелерін тізбектеп берді. Өз ісіне қатысты мамандар тұрғындарға проблемалар шешілетініне сендіріп жатты.
Шалатай Мырзахметов. ҚР Парламент мәжілісінің депутаты: » Біздің қатысып отырған мақсатымыз — Оңтүстіктегі мәселелердің қалай шешіліп жатқанын білгіміз келді. Әрине, кейде өңірдегі мекемелердің өздері проблемаларды шеше алмай қалатыны кездесіп жатады. Ондай жағдайда республикалық деңгейде шешуге өзіміздің мүмкіндігімізді пайдаланамыз.»