Арнайы мектептердің кәдімгі мектептен айырмашылығы қандай?

1641
№8 мектеп-гимназияда оқушылар топтасып білім алу жүйесімен оқытылады

Оңтүстікте дарынды балаларға арналған мектептер неге көп? Олардың қарапайым білім ұяларынан артықшылығы бар ма? Сыныптан үздік шәкірттерді оқшаулау қаншалықты қажет?

қазақ-түрік лицейінің оқушысы
Қазақ-түрік лицейінің оқушысы

Алдымен дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің жағдайын білгіміз келді. Біз математика сабығын өтіп жатқан сыныпқа кірдік. Кәдімгі сынып, қарапайым парталар мен таныс тапсырмалар. Бірақ, оқушылар дәрісті ағылшын тілінде өтіп жатыр. Лицейде сабақ қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерінде оқылады. Шәкірттер қосымша түрік тілін де меңгерген. Демек, 11-сыныпты бітірген лицей түлектері нағыз полиглоттың өзі болмақ. 

Мереке Бөжкенов
Мереке Бөжкенов

 Мереке Бөжкенов, №2 Шымкент қазақ-түрік дарынды қыздар лицей-интернаты директорының орынбасары: «Біздің оқушыларымыздың барлығы жатақханада жатады, қаланың өзінде бір көше алыс қашықтықта тұрса да ол осы жерде жатып оқиды. Бұл шарт! Оның қандай артықшылықтары бар, оның қандай көмегі бар? Айтайын, оқушылар күн сайын бірін-бірі көреді, көмектеседі, мұғалімдер кешке дейін мектепте жүріп, сабақтарына көмектеседі. Ал жоғары сыныптың оқушылары кіші сыныптағыларға білген-түйгенін үйретеді».

 

Жасыратыны жоқ, бүгінде түрлі білім байқауларының жүлдесін арнайы мектептердің оқушылары бермейді. Мәселен, қазақ-түрік лицейінде пәнаралық олимпиадалар үшін үлкен дайындық жүреді. Қазір мұндағы әрбір сыныпта 25-оқушыдан жалпы саны 231 оқушы білім алып жүр. Бұл бір уақытта 40 бала отыратын қарапайым мектептерден ерекшеленгенімен, қазақ-түрік лицейінің де өзіндік кемшін тұстары бар. Яғни, оқушылардың ас-ауқатын ата-аналары төлейді. Айтпақшы, қосымша кітаптар мен бірыңғай мектеп формасын да ата-ана алуы қажет.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=FJ02Fk1fP9U[/youtube]

Қаламыздағы №8 мектеп те дарынды балаларға арналған гимназия. Бұл білім ұясында да сабақ 3 тілде өтеді. Айта кетейік, кезінде мектеп үш тілді білім беру жүйесіне өткенде мұғалімдерге тез арада қосымша білім алуға тура келген-ді.

— Менің өзімнің мамандығым — ағылшын тілі. Алғаш рет осы мектепке келген кезде, 2004 жылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қабылданғанмын. Сосын Елбасының жолдауымен 3 тілді меңгеру мақсаты қойылды. Сол кезде мен бірінші болып, өз еркіммен осы бағдарлама бойынша жұмыс жасауға өтініш бердім. Соның нәтижесінде, білімімді жетілдіру мақсатында екінші рет оқуға түсіп, биология пәнінің мұғалімі ретінде мамандық алып шықтым. Қазір ағылшын тілінде биология пәнінен сабақ беремін, -дейді мектеп мұғалімі. 

№8 мектеп-гимназияда оқушылар топтасып білім алу жүйесімен оқытылады
№8 мектеп-гимназияда оқушылар топтасып білім алу жүйесімен оқытылады

Ағылшын тілін меңгерген ұстаздарға қосымша қаржы төленеді. Мұғалімдерге талап қандай жоғары болса, еңбекақы да соған сай. Осының бәрін ескерген облыстық білім басқармасының басшылығы ҰБТ-да лицей мен гимназияның орташа білім көрсеткіші қарапайым мектеп оқушыларынан асуы қажет деп отыр.

Серік Әуесханов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: «Жалпы орта мектептердің оқушыларына қойылатын талап — 80 балдан төмен болмау, ал гимназия, лицейлерге орташа балл — 85.  «Дарын» мектептеріне 100 балдан кем болмауы керек деп талап қойып отырмыз. Бұл міндеттемелер қабылданды. Қазір білім беру ұйымдары осы мақсатта жұмыс жасап отыр.» 

Арнайы мектептерде оқушылар өзге пәндерді де ағылшын тілінде өтеді
Арнайы мектептерде оқушылар өзге пәндерді де ағылшын тілінде өтеді 

Жыл соңына қарай «Дарын» мектептеріне қабылдану үшін емтихан басталады. Педагогтардың айтуынша, бұл сынақтан қорқудың реті жоқ. Талапкер тек мектеп бағдарламасын қайталап шықса, болғаны. Мәселен, қазақ-түрік лицейіне оқушыларды 7-сыныптан бастап қабылдайды. Және бұл жағдайда таныс-білістік жүрмейді. Емтихан барысын тиісті органның өзі бақылауда ұстайды.

Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 18 арнайы мектептер бар болса, соның 7-еуі Шымкентте орналасқан. Түйгеніміз, қарапайым мектептен дарынды балалар оқитын білім ұясының артықшылы аз-ақ. Бәрінің күйттегені бір — сапалы білім, салихалы тәрбие беру.