Жылқы жылының ақпаны ызғарлы басталып, адам тұрмақ, жан-жануарларды да әбігерге салды. Шымкент зообағының мекендеушілері қаһарлы қыста қалай күнелтіп жатқанын білмекке аталмыш хайуанаттар бағына бардық. Шымкент зообағында фаунаның 185 түрлі өкілі бар. Олардың жалпы саны – 1600.
Теңбіл бұғы, лама сынды тұяқты жануарлар, жергілікті фаунаның құстары сырттағы торлы орындарда ұсталады. Олар біздегі ауа райына бейімделген. Қыс мезгілін оңай өткереді. -15-20 градус аязда да өздерін жақсы сезінеді, денсаулықтарына мұндай суықтан қауіп төнбейді. Торда өздерін ашық табиғатта жүргендей сезінуі үшін тор іші соған сәйкес жасақталады. Жерге ағаш бөренелер тастап, қамыстан ықтасындар жасалады.
Экзотикалық құстардың барлығы да қыстық қораларға көшірілген. Қораларға газ құбыры жүргізіліп, пеш орнатылған. Мұнда қолдан будандастырылған Альбинос атты қардай аппақ қос тауыс құсы бар.
Шымкент зообағы алғаш құрылған кезде барлығы орталық жылу жүйесіне қосылған. Кейін бұл жүйе істен шығып, керік тұратын қорада керік болмағандықтан бұл қора қараусыз қалады. 2011 жылы Алматы зообағынан керік әкелінетін болды. Сол кезде зообақ қызметкерлері керіктің қорасын тез арада қайта қалпына келтіріп, автономды жылу жүйесін жүргізеді. Осылайша «Астана» есімді керіктің жылы тұрағы да дайын болады. Қазір «Астананың» жасы 5-те. Әр күні жоңышқа, пішен береді. Бөлке нан мен алманы да тамақ рационына қосқан. Шымкентте түнгі ауа температурасы -25-26 градусқа дейін төмендеген кезде керік тұратын қорадағы бөлме температурасы +19 градустан төмен түспепті. Керік — Африканың ыстық саванналарына бейімделген жануар болғандықтан ең төменгі температура +16 дан төмен болмауы керек. Бұл жануарларды қорғау халықаралық конвенциясында белгіленген талап. Одан төмендесе денсаулығына қауіп төнеді. Сондықтан да Астананың қорасын екі бірдей пеш жылытады.
Жануарлардың денсаулығына мал дәрігері Елена Велижанина жауапты. Ол: Жан-жануарлар үшін азық-түлік рационы аса маңызды. Тұяқтыларға берілетін арпа, бидайды молайтқан. Сусиыр, маймыл мен құстарға түрлі дәрумендер қосып жатырмыз,-дейді.
Зообақ мекендеушілеріне қыста да, жаз да бірдей тамақ рационы беріледі. Алайда, қыс келіп, күн суытқанда рационның мөлшерін көбейтеді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=SwHZhUkm6eQ[/youtube]
Мұндағы жергілікті фауна құстарының басым бөлігі — жыртқыш құстар. Жыртқыштарды ара-тұра қызылдатып отыру үшін, балғын етпен қоректендіру қажет. Зообақта балғын ет әзірлейтін арнайы бөлім бар. Онда жыртқыштарға берілетін тышқан, сарышұнақ және тағы басқа кеміргіштер өсіріледі. Бұл жемтіктерді жыртқыштардың торына тірідей жібереді. Бүркіт, тілеміш, үкі және тағы басқа етпен қоректенетін құстар үшін қыс ауасында ыстық қанға тояттап, балғын етке аузын тигізу аса маңызды. Бойларын жылытып, қатты аязда қуат береді.
Шымкент зообағының директоры Сейдулла Жұбаевтың айтуынша, қызметкерлер отыратын кеңседен бастап, жыландар тұратын қораға дейін жөндеу жұмыстары жүргізілген. Барлық 19 нүктеге автономды жылыту жүйесі орнатылған. Табиғи газбен жылытылады. Газ болмай қалса, басқа да отын түрлерін пайдалануға болады. Басшының сөзінше барлық шығын мекеменің өз қаржысынан төленген.
Жәнібек НҰРЫШ
Суреттерді түсірген автор