Ауылдағы ағайын да кәсіпкерлікті үйренеді

Кәсіпкелер палатасыКәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органға айналып кетпеуі керек. Сонда ғана кәсіпкер мен палатаның арасындағы жұмыс нығайып, кәсіпкердің кедергілері азаяды. 30-қаңтарда үкімет басшысы Серік Ахметовпен тұңғыш рет кездескен өңірлік кәсіпкерлік палаталарының басшыларына осындай тапсырмалар берілген.

Жалпы, Елбасы жолдауы бойынша жұмыс жасауға шақырған премьер-министр 2050 жылға дейін шағын және орта бизнестің өнім көлемі жалпы өнімнің 50 пайызын құрауы керек дегенді алға тартты. Мұнымен облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұржан Әлтаев та келісіп отыр. Журналистермен болған арнайы брифингте палата төрағасы «Облыста 3 миллион халық бар. Ал біздегі кәсіпкерлердің саны 125 мыңның төңірегінде. Көрсеткішті жалпы халықтың санымен салыстыруға келмейді. Сондықтан нәтижелі жұмысқа қол жеткізілу үшін енді ауылдағы ағайынды бизнеске үйретуіміз керек» деді. Сондай-ақ, қазіргі күні өңірдегі 770 мыңнан асып жығылатын жастардың арасынан да ептілері кәсіпке тартылмақ.

Сондықтан 2014 жылы бүкіл аудандарда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының жұмысын одан әрі жандандырылып, кәсіпкерлік мектептері ашылмақшы. Сондай-ақ, ауылдағы саз балшықтан соғылған үйді қазір банктер кепілге алмайтыны белгілі. Палата төрағасы бүгінгі таңда Үкіметке осы мәселені шешу бойынша ұсыныстың жасалып жатқанын айтты.

Жалпы, өңірлік палата ауылдағы ағайынды бизнеске үйрете келе жыл сайын әр ауданнан болашағы жарқын кемінде 3 жоба ұсынбақ. Бұл — жыл сайын облыс бойынша 50-дей жаңа бизнес-жоспар дайын болады деген сөз.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Co8szrNKTmM[/youtube]

Осылайша кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы шағын және орта бизнесті толғандыратын мәселелерді шешу мақсатында проблемалар картасын әзірлеуде. Қазірдің өзінде бұл тізім 200-ден артық мәселеден тұрады. Олар — әкімшілік кедергілер, тарифтердің толассыз өсімі, заңнамалық базаның жетілуі. Ауылдағы бизнестің дамуы — өз алдына жеке мәселе. Проблемалар картасына кірген артық түйткілдің жалпы мазмұны осы тақырыптарға келіп саяды.

Серік Ахметов, ҚР Премьер-министрі: «Бизнес өкілдерінің сұрағы көп. Олардың мүддесін қорғау керек. Осылай ғана біз Елбасының мықты экономиканы құрауға негіз бола алатын мықты бизнес құру керек деген тапсырмасын орындай аламыз.»

Айтпақшы, Үкімет басшысының өңірлік кәсіпкерлер төрағасына айрықша тапсырған тапсырмаларының бірі әкімшілік кедергілерге қатысты болды. Тек құрылыс жұмыстарына рұқсат беру мәселелері бойынша Қазақстан әлемдік «Дуинг» бизнес-рейтингінде 145-ші орында келеді. Ал жалпы тізім 183 мемлекеттен тұрады. Көрсеткішке қарап, біздегі әкімшілік барьерлердің қаншалықты бекем екенін аңғара беріңіз.