Балалар кітапханасына қазақша кітап жетіспейді

781
оқырман

Шымкенттегі Аркадий Гайдар атындағы кітапхананың кішкентай оқырмандары осы қаламгердің еңбектерін оқиды. Ал биыл балалар жазушысының туғанына — 110 жыл. Сондықтан танымдық сабақтар ұйымдастырылып, кітап көрмесі ұсынылып жатыр екен.

қаламгер Гайдардың құрметіне арналған кітапбұрышы

Жаңыл Жаңбыр, оқыман: «Мен қазір А.Гайдардың «Чук пен дед» кітабын оқып отырмын. Кітапта екеуінің сөзге келуі мен реніштері жазылған екен. Өте қызық. Мен бұл кітапханаға жиі келемін. Өзім ғана емес, іні-сіңлілерімді де ерте келемін».

Әмірбек Нұржау
Әмірбек Нұржау

Ертіп келеді-ау… Алайда, мұнда 370 мыңға жуық кітап болса, оның 63 698-і ғана қазақша жазылған. Мәселен, жазушы Аркадий Гайдардың өз атына ашылған осы мәдениет ошағында қаламгердің 113 кітабы бар болса, оның оншақтысы ғана қазақ тілінде. Бұл жағдай ертегілер еліне енуді армандайтын кішкентай оқырмандарға да қолайсыздық тудырып жатқан көрінеді.

Әмірбек Нұржау, оқырман: «Менің кітапханаға күн сайын келуге уақытым бола бермейді. Сабағымды оқимын. Сондықтан аптасына бірнеше мәрте ғана келемін. Бірақ, бұл кітапханада қазақша кітаптар аз, амал жоқ, орыс тіліндегі кітаптарды аламын. Бірақ көп жағдайда қанша оқысам да мағынасын түсінбей жатамын.»

 

Ал кітапхана басшылығының айтуынша, 1976 жылы ашылған осы мәдениет ошағына күніне 200-ге тарта оқырман келеді. Бұл үшін кітапханада ақпараттық библиографиялық бөлім, яғни, электронды каталог жұмыс жасап тұр. Қызметкерлер компьютер арқылы оқушылар сұраған еңбектерді еркін тауып береді.

Нұржамал Бектұрғанова, қалалық А.Гайдар атындағы балалар кітапханасының бөлім басшысы: «Біз жыл сайын жаңа оқулықтармен толығып отырамыз. Оқырмандарымыздың сұранысы үшін жұмыс жасап жатырмыз. Тек салалық қана емес, жаратылыстану бағытындағы еңбектерге де тапсырыс бердік. Бірақ, оқырмандардың көбі көркем әдебиетке қызығады, сол кітаптарды іздеп келеді.»

Кітапхана басшылығының айтуынша, биыл қазақша кітаптар мәселесі шешілуге таяу. Яғни, мәдениет ошағы 5000-нан аса қазақша кітаптармен толықпақ. Оның ішінде электронды еңбектер де енеді. Айта кетейік, бүгінде кітапхананың 15 жасқа дейінгі 27 мыңнан астам оқырманы бар.