Гүлнәр Нарова, облыстық өзбек мәдени орталығы төрағасының орынбасары: «Бұрын суық ғимараттат отыратынбыз, жылу да жоқ еді. Қазір енді жаңа ғимаратта отырмыз. Қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр. Алдында суық қыста жұмысқа келгіміз келмейтін, есігімізді құлыптап, айлап келмейтінбіз. Ал мына кабинеттер жап-жарық, компьютерлер — алдымызда, жұмысымыз да жақсы, жеңіл болып қалды.»
Эльмира Жалғазиева, Сәкен Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйі директорының орынбасары: «Ескі ғимарат қой енді. Кеңес Үкіметінен келе жатқан, біраз жыл жөндеу көрмеген. Көпшілік іс-шаралар, әкімшіліктің жиналысы болсын, КВН болсын, бәрі осы жерде өтеді. Сосын тозығы жеткен. Бірақ биыл күрделі жөндеу жұмыстары болады деп үміттенеміз.»
Бүгінге дейін жергілікті мекемелердегі бос бөлмелерді паналап келген этно-мәдени орталықтар осылайша енді жаңа нысанға жайғасып отыр. Облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйінің қосымша құрылыс жұмыстары тәмамдалды.
Естеріңізде болса, осы мәдениет үйінің қосымша бөлігіндегі құрылыс жұмыстары 2013 жылдың наурыз айында басталған болатын. Қазір мұнда 14 бірдей мәдени орталықтың өкілдері қызмет етіп жатыр. Бұл үшін мұнда жұмыс бөлмелерден бөлек 100 адамдық мәжіліс залы және хореография бөлмесі де бар.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=VE_2sMtupv4[/youtube]
Ғимараттың осы 3 қабатты жаңа бөлігінің құрылысына қазынадан 68 миллион теңге бөлініпті. Ал мекеме басшылығы мұндай жөндеу жұмыстары ғимараттың 4 бөлігіне де қажет деп отыр.
Ұжым үміттенеді. Себебі ғимараттың қалған бөлігінің мәселесі биыл облыстық мәслихатқа ұсынылыпты. Ал өңіріміздегі мәдени орталық өкілдері жуырда ауқымы кең түрлі байқаулар мен өнер сайыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.