Бүгінде кез келген жүкті әйел диспансерлік бақылауға тұрғаннан кейін генетикалық скринингтен өтуге міндетті. Құрсақтағы балада Даун, Эдвардс синдромы сынды күрделі хромосомалық ауытқулар, басқа да сырқаттардың болу қаупі қандай деңгейде екендігін айқындайтын қан сараптамасы кейде әйелдерді сары уайымға салып қоятыны бар.
Осы уақытқа дейін аталмыш тексеруді тек қана облыстық №1 перинаталдық орталықта ғана жасатуға болатын еді. Биылдан бастап мұндай қызмет түрі Нұрсәттегі олыстық №4 перинаталдық орталықта да ашылып отыр. Мамандардың айтуынша, бірінші биохимиялық скрининг – жүктіліктің 10-13 апта аралығында жүргізіледі. Екіншісі – 16-20 апта аралығында өтеді. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, аяғы ауыр әйелдер үш рет ультрадыбыстық скринингтен өтуі керек екен. Оның біріншісі — алғашқы триместрде, яғни, жүктіліктің 10-14 аптасында, екіншісі – 19-20 апта аралығында, үшіншісі – 32-34 аптада жүргізіледі. Бұлардың ішіндегі маңыздысы – екінші триместрдегі ультрадыбыстық тексеру. Мұнда іштегі шарананың жағдайы, мүшелерінің қалыптасып дамуы 22 параметр бойынша тексеріледі. Егер баланың дамуында қандай да бір күрделі кемістігі барын бір УДЗ-дәрігері ғана емес, басқа да мамандар нақтыласа, онда мәселе дәрігерлік кеңес беру комиссиясында қаралады. Бұдан кейін құрсақтағы баланың жағдайы туралы ата-анасына хабарлап, мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Айта кетейік, жүктілік кезіндегі барлық зерттеулер мен сараптамалар ақысыз, яғни тегін жасалады.
Мақпал РЫСБАЕВА