Шымкенттік кәсіпорындарға газ беруге шектеу қойылды. Бұл — «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі мен облыс әкімдігінің тұтынушы халықты көгілдір отынсыз қалдырмау мақсатында өзара келісім-шарт түзу негізінде қабылданған шешім. Осы келісім аясында қаладағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсетпейтін өнеркәсіп орындарының газ пайдалануына уақытша шектеу қойылды. Сонымен бірге облыс орталығының тұрғындарын жылусыз қалдырмау үшін 3-Энергоорталығы қосымша қордан отын алуға көшті.
Оңтүстікте қыс қаһарына мінгенде, Өзбекстан көгілдір отыннан қысты. Көрші ел тарапы облысқа беретін газ көлемін азайтып отыр. Бұрын сағатына 430 мың текше метрді құраған газдың мөлшері енді 120 мыңға бір-ақ түсті. Мұның негізгі себебін көршілер техникалық ақаумен байланыстырып отыр. Ол реттелгенше облыстың коммуналдық қызметкерлері «Бейнеу» қорындағы көгілдір отын көлемін арттырып, Сарыағаштағы газ қорын қосқан. Алайда, қаланың бірнеше шағынаудандары әлі де қалыпты газ мөлшеріне қол жеткізе алмай отыр.
Ақпанның аязы алқымнан алғанда табиғи газ қысымының төмендеуі көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін жығылған үстіне жұдырық болды. Суықта бойды жылытатын қара суды қайнатудың өзі мұң болды деп ашынады олар. Екі күннен бері «Қайтпас — 1», «Ақжайық», «Самал» шағынаудандарының тұрғындарының басы осы мәселемен қатып отыр.
Ал осы кезде «Жоғарғы Отырар» шағынауданындағы 58/3 үйдің тұрғындары амалсыз тілшілерді шақырып, базынасын айтуға бекіпті. Өйткені 9 қабатты үйде көгілдір отынның қысымы екі күннен емес, екі айдан бері төмен екен.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=rMwjjvheC0I[/youtube]
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары көрші елден берілетін газ мөлшері азайғанымен, қордағыны пайданалануға көштік деп отыр. Яғни, Бейнеу қорындағы көгілдір отын көлемін арттырып, Сарыағаштағы газ қорын қосқан. Өзбекстандағы ақау реттелгенше осылай болмақ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=RIxIqmNsFcQ[/youtube]
Мамандардың айтуынша, аптаның соңында дейін көгілдір отын қысымы бойынша жағдай оң шешімін табады. Ал «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші кезеңінің құрылысы толық аяқталған соң мұндай мәселе мүлдем болмайды деп сендіреді жауаптылар.