Мұржаңызды қадағалап тұрыңыз

Шымкент қаласындағы жер үйлерде тұратын 40 жастағы азаматтың дәм-тұзы осылай таусылады деп кім ойлаған
Шымкент қаласындағы жер үйлерде тұратын 40 жастағы азаматтың дәм-тұзы осылай таусылады деп кім ойлаған
Шымкент қаласындағы жер үйлерде тұратын 40 жастағы азаматтың дәм-тұзы осылай таусылады деп кім ойлаған

Кешегі апта аяғында тағы бір азамат пештен шыққан иіске тұншығып, бақилық болды. Шымкент қаласындағы жер үйлерде тұратын 40 жастағы азаматтың дәм-тұзы осылай таусылады деп кім ойлаған. Қыстың өз әбігері бар. Солардың бірі – көмір қышқыл газы. Одан уланып қалмас үшін құбырларды қадағалап, мұржаны бақылау керек. Үйдегі жылудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көп тер төгудің қажеті жоқ. Тек ден қойып, уақыт бөлсеңіз болғаны. Дегенмен, күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, кейде өмірімізге қауіп төндіретін жәйттерге де мойын бұруға мұршамыз келмей жатады. Салдарынан өзге емес, өзіміз жапа шегеміз. Ең жақын адамдармыздан көз жазып, көңілімізге қаяу түседі.

Жылыту маусымы басталғалы бері облыс аумағындағы жеке тұрғын үйлерде көмірқышқыл газымен улану оқиғалары жиі кездесіп жатыр. Былтырғы қара күзден жылу беру маусымы басталғалы бері облыс аумағында жеке тұрғын үйлерде азаматтардың көмірқышқыл және табиғи газбен улануы бойынша 12 оқиға тіркелген. Зардап шеккен 43 адамның 22-сі қайтыс болып, 21-і ауыруханаға жеткізілген. бір ғана биылғы қаңтар айында облыс көлемінде көмірқышқыл және табиғи газбен уланудың 5 оқиғасы тіркелген. Онда 16 адам зардап шегіп, оның 10-ы көз жұмса, қалған 6 адамға жедел медициналық көмек көрсетілген. Енді осы сандарды өткен жылдармен салыстырып көрейік. 2012-2013 жылдардағы жылыту маусымы кезінде өңірде көмірқышқыл және табиғи газбен уланудың 7 оқиғасы тіркелген екен. 25 адам зардап шегіп, оның 10-ы қайтыс болса, қалған 15 адам ауруханаға жатқызылған. Жылыту маусымы әлі аяқталмады. Соған қарамастан пайыздық қатынаста қайтыс болу саны өткен жылдардың жылыту маусымымен салыстырғанда 220% -ға өсіп отыр. Тілсіз жау тіпті бүтіндей бір отбасын жалмап жатыр. Биылғы жылыту маусымында улану салдарынан қос бірдей отбасы қырылып қалды. Былтырғы жылдың соңында Қазығұрт ауданының Қарабау ауылында бір отбасы көмірқышқыл газына уланып қалған. Иіс тиген жанұяның төрт бірдей мүшесі көз жұмды. Ең өкініштісі сол — бақилық болғандардың ішінде бір жарым жасар сәби де болған. Ал Мейірбековтер отбасы қайғылы оқиға болатын күні Сайрам ауданы Қарабастау ауылынан жер үйді жалға алған екен. Қаңтардағы аязды күні тоңып қалмау үшін, тез арада пеш жағып, газға қосыпты. Мамандардың болжамынша, жылыту қазандығы істен шыққан. Ал улы газ жайлаған үйде болған бесеудің екеуі көз жұмған. Өкінішті…

Зардап шеккен 43 адамның  22-сі қайтыс болып, 21-і ауыруханаға жеткізілген
Зардап шеккен 43 адамның 22-сі қайтыс болып, 21-і ауыруханаға жеткізілген

Тағы бір өзекті өртейтіні, зардап шегушілердің көбі қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін білмеуі, дұрыс сақтамауы, жылыту пештері құбырларының тазаланбауы, газ қондырғыларының дұрыс пайдаланбауының салдары қайғылы оқиғаларға алып келуде. Мезгіл мәселесінің өткірлігі соншалық қазір қайғылы оқиғалар бірнеше құрылым мамандарын аяғынан тік тұрғызды. Төтенше жағдай саласы мамандарымен бірлескен ішкі саясатқа жауапты қызметкерлер барлық елді мекендерде тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге кіріскен. 

Түйін: 

Қаңтар айының соңында қыс қаһарына мінді. Қытымыр аяз ақпанның онкүндігін де «қыспаққа» алды деген болжам бар. Сондықтан, жылыту маусымының әлі наурыз айына дейін жалғасатыны байқалады. Қалай дегенмен, жылыту кезеңі тұрғындардың қысқа дайындығын да сынға алғандай. Абайлаңыз!

 

Арман Асылбеков, ОҚО ТЖД баспасөз хатшысы
Арман Асылбеков, ОҚО ТЖД баспасөз хатшысы

Арман Асылбеков, ОҚО ТЖД баспасөз хатшысы

– Газ құралдарын, дербес жылыту жүйесін, газ плиталарын, моншадағы қыздыру құралдарын қараусыз қалдыру өрттің тұтанып кету қаупін туғызады. Қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін мұндай келеңсіз жәйттерге абай болған жөн. Сонымен қатар, үйлеріңізге «көгілдір отын» беру тоқтатылса, газ бұрандаларын мықтап жауып, жылыту жүйесінен суды төгіп тастаған абзал. Егер үйде темір пеш немесе электр жылыту құралдары болса, барлық өрт қауіпсіздік ережелерін сақтап қана қолдану керек. Жылу болмаған жағдайда мүмкіндігінше бөлмені жылытып, терезе мен есіктерді мықтап жапқан дұрыс. Мамандар отбасы мүшелеріне, жас балалар мен қарттарға жылы киініп жүруді ұсынады. Газ қысымы төмендеуіне байланысты жеке тұрғын үй секторлары қатты отынмен жанатын пешті қолданады. Осы орайда көмірқышқыл газбен улану қауіптілігін де ескертеді. Көмірқышқыл газбен уланудың алдын алу үшін пеш мұржаларын, пештің сылақтарын мұқият тексерген жөн.

Сезбей қалуыңыз мүмкін 

Иісті газ мүлдем иіссіз болып келеді. Сондықтан, иісті газбен улану үрдісін адам мүлдем сезбей де қалуы мүмкін. Улану сонысымен қауіпті. Ауаның құрамында 0,08% СО болған жағдайда адам бас ауруы мен тұншығуды сезінеді. Иісті газдың адамға әсер ету механизмі, оның адам ағзасына түскеннен кейін қанға еніп, ондағы гемоглобин жасушаларын байланыстырып тастайтындығына негізделеді. Бұл жағдайда гемоглобин өзінің оттегі тасымалдау қызметінен толық айырылады. Адам иісті газбен көп мөлшерде демалған сайын, оның қанындағы гемоглобиндердің жұмысқа жарамдылығы төмендей береді. Және адам ағзасы оттегіні аз мөлшерде ғана ала алады. Адам тұншыға бастайды, бас ауруы пайда болады, есінен айрылады. Егер оны дер кезінде таза ауаға шығармаса, (немесе есінен танып жатқанда таза ауаға алып шықпаса), адамға өлім қаупі туындайды. Иісті газбен улану жағдайында гемоглобин жасушаларының иісті газдан толық тазаланып, өзінің жұмыс қалпына келуі үшін көп уақыт кетеді. Өлімге әкеліп соғатын концентрациясы иісті газ ортасына адам тап болғаннан кейін 20-30 минуттың ішінде-ақ өзінің межесіне жетеді. Мамандар бұл жағдайда уланудың белгілерін біліп алу қажеттігін алға тартады.

Иісті газбен улану белгілері:

– бұлшық ет әлсіздігі пайда болады 

– бас айналады 

– құлақта шу естіледі 

– жүрек айниды 

– лоқсу пайда болады 

– кей жағдайларда ұйқы келеді, кейде керісінше қысқа мерзімдік қозғалыс, қозғалыстың бұзылуы пайда болады 

– адам сандырақтайды 

– галлюцинация пайда болады 

– естен танады

– діріл, сіңір тартылу байқалады

– кома және тыныс алу орталығының жансыздануынан болған өлім. Жүрек тыныс алу тоқтағаннан кейін шамалы уақыт соғуы мүмкін.

Кең тараған иісті газ көздері – газ және майлы пештер, ағаш пеші, газ құрылғылары, бассейндердегі су жылытқыштар және двигательдер. Пештердің жарылуы, бітелген түтін жолы, бітелген тұрбалар иісті газдың тұрғын үйдің ішінде пайда болуына әкеліп соғады. Пешке ауаның дұрыс келмеуі үйде иісті газдың жинақталуына әкеліп соқтырады. Үйлердің бір-біріне өте жақын орналасуы да иісті газбен улану қаупін арттырады, өйткені олар еркін желдетуге кедергі жасайды.

Иісті газбен уланғанда көрсетілетін алғашқы көмек.

– иісті газбен уланған жағдайда иісті адамды таза ауаға шығару қажет

– егер зардап шегуші есін білсе, оны жатқызып, тыныштығы мен таза ауамен тыныстауын қамтамасыз ету қажет (газетпен желпу, желдеткіш немесе кондиционер қосу)

– егер зардап шегуші есінен танып қалса, жедел жәрдем келгенше немесе есін жиғанша жүрегіне жабық массаж және жасанды тыныстандыру әрекетін жасау қажет 

– Естеріңізде болсын, зардап шегуші адамды иісті газ концентрациясы бар жерден алып шығу кезінде уланып қалмас үшін алдымен өзіңізді қауіпсіздендіріп алыңыз. Бұл үшін тез әрекет ету қажет және қол орамал немесе дәке арқылы тыныс алған жөн.

Мақпал РЫСБАЕВА