Шымкентте Мұхтар Әуезов тұрады. 1990 жылы дүниеге келген немересінің есімін Әуез атасы ырымдап осылай қойған. Ұлы тұлғамен аттас жігіт қаладағы тіл үйрету орталығының директоры. Небары 24 жасында әлемнің 30-дан аса елінде болған ол 4 тілде еркін сөйлейді. Болашақта тағы да 4-5 тілді меңгеруді мақсат етіп отыр.
Мұхтар Әуезов есіміне сай болуға тырысатын жігіттің басты арманы – қазақ балаларының шет тілдерін еркін меңгеруіне жағдай жасап, шетелде оқуға мүмкіндік беру. Абайтанушымен аттас қана емес, тегі де сәйкес келетін Мұхтарға көпшіліктің таңырқай қарайтыны рас. Өзі де өзіне артылып отырған атасының үкілі үмітін ақтауға тырысып жүр.
Мұхтар Әуезов, «Dos Education Shymkent» тіл үйрету орталығының басшысы:
– Кездескен адамның барлығы да есіміме байланысты көп сұрақтың астына алатынын жасырмаймын. Кейбіреулер тіпті сенбей қалып жатады. Талай қиыншылықты бастан өткерген атам бізден, немерелерінен үлкен үміт күтсе керек. Сондықтан да мен үшін ұлы жазушының есіміне сай болу зор жауапкершілік жүктейді. Ата-анамның, университет қабырғасындағы ұстаздарымның үкілеген үмітін ақтап, еліміздің маңдайалды азаматы болу үшін тырысып бағамын.
Жалпы қазақ халқы дүниеге келген нәрестеге есім қоюға ерекше көңіл бөлген. «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады», – деген ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел басқарған билердің, жез таңдай, күміс көмей әнші-жыршылардың атын қоюға тырысады. Ақын болсын деп Абай, батыр болсын деп Едіге, Жәнібек, Алпамыс деп ат қойып жатады. Соңғы кезде Нұрсұлтан есімділер де көбейе бастады. Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек елімізде 38 мың Нұрсұлтан тұрады екен. Десек те, арамызда баласының аты ерекше болсын деп қоғам қайраткерлерінің аты мен тегін қосарлата ат беруді де сәнге айналдырғандар бар. Мәселен, белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі ұлдарының есмін Шәмші-Қалдаяқ, Мұхтар-Шахан, Бекзат-Саттархан деп қойғанын жақсы білеміз. Әрине бұл, өзгеден ерекшелену үшін шетелдік Диана, Диас, Алсу, Дамир, Бериван, Дениз, Жумонг сияқты есмідерді ұл-қызына беруші кей қазақтармен салыстырғанда құптарлық іс. Тіпті қазақтар балаларына Бен Ладен, Саддам, Саммит, Самитхан, Платини деген есімдерді де беріп жүр дегенді естігенде таңқалдық. Бірді айтып бірге кетпейік, әйгілі азаматтармен аттас отандастарымызға ойыссақ. Қазақстанның түкпір түкпірінде бүгінде Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжол, Ғабит Мүсіреп, Бауыржан Момыш, Олжас Сүлейменов, Нұрсұлтан Назарбаев, Мақпал Жүнісовалар желкілдеп өсіп келеді.Мысалы, елімізде 95 Нұрсұлтан Назарбаев бар екен. Барлығы да тәуелсіз елдің құрдастары.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ата-ананың баласының алдында 3 парызы бар: Оған жақсы ат қою, санасы кірген шақта Құран үйрету, ержеткен шағында үйлендіру» деген. Расымен де, бұл үшеуі де адам өмірінің маңызды бір кезеңдері. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) жеткен даналықта: «Қиямет күні өз аттарыңызбен және әкелеріңіздің аттарымен шақырыласыздар. Сондықтан балаларыңызға жақсы ат қойыңыздар» делінген. Балаға есім беруде енжарлық танытпай, естілік танытайық.
Статистика агенттігі деректері бойынша елімізде:
Нұрсұлтан есімді иеленген – 38 000;
Абай есімді – 17 196;
Мұхтар атты – 13 227;
Бауыржан – 43 127;
Әлихан – 20 874;
Тоқтар – 1 393;
Жібек – 8 486;
Роза – 50 370;
Фариза – 10 756;
Томирис – 9 406 азамат бар.
Психологтар адамның аты оның өміріне тікелей әсер етеді деп отыр. Айтуынша, балаға ұлы адамның есімін қою психологиялық тұрғыдан алғанда белгілі бір жауапкершілікті жүктеп, баланың атына заты сай болып өсуіне, сол тұлғаға еліктеп, жақсы үлгі алуына оң ықпал етеді екен. Ал, мағынасыз есім адамды түрлі қиын жағдайларға итермелеп, іштей қуыстануы сияқты келеңсіз жағдайларды бастан кешуіне себеп болады. Ұлы есімдерді иеленгендер өз ныспысына қатысты не дейді? Өздерінен сұрайық.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
Дина Нүрпеисова, Сайрам ауданының тұрғыны:
– Менің атымды Динадай күйші болсын деген ниетпен Нүрпейіс атам қойған. Алайда күйге жақын болдым деп айта алмаймын. Медициналық білім алдым. Сол салада еңбек еттім. Қазір зейнеткермін. Үйде немере бағып отырған жайым бар. Қазақ халқының бірегей күйшісі Дина Нүрпеисованың есімін алып жүргендіктен аты-жөніме елдің елең етерін де жақсы білем. Негізі Ұлы адамдардың есімін алып жүру оңай емес екені рас.
Нұрсұлтан Назарбаев, студент:
– Мен адамдармен танысқан кезде өзімді: «Нұрсұлтан» деп таныстырамын. Олар күлімсіреп: «фамилияң Назарбаев шығар?» деп әзілдейді. Мен: «Иә, дұрыс айтасыз, Назарбаев», — деймін. Бірақ куәлігімді көрсетпейінше бәрібір сенбейді. Аты-жөнім Елбасымен бірдей болғандықтан, айналамдағылар маған қызығушылық танытып жатады. Президентпен аттас болғаным өмірімде біраз жетістіктерге жетуіме септігін тигізуде. Соның арқасында бір кездері мектеп президенті болып сайланғанмын. Үміткерді таңдар кезде біреулер: «Бізде Нұрсұлтан Назарбаев бар емес пе, одан басқа кім президент болуы мүмкін?» деді. Қорытындысында маған оқушылардың 80 пайызы дауыс берді.