Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің ұжымы айтулы мерейтойын атап өтуде. Биыл арнаулы оқу орнының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай студенттер мерекелік бағдарлама ұйымдастырыпты. Тәлімгерлер колледж сахнасында өз өнерлерін көрсетті. Бірі ән шырқаса, екіншісі ұлттық биді нақышына келтіре орындады. Тіпті өздерінің жүрек жарды арнау-өлеңдерін оқыған жастар да болды.
Мадияр Байбол, ОҚПК студенті: «Мен қазіргі уақытта жаңа технологиялар және ақпараттандыру мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Болашақта өз ісімнің үздігі болғым келеді. Бүгінгі іс-шарада өзімнің «Тәуелсіз Қазақстан» атты шығармамды оқып бердім. Ең бастысы — менің ұстаздарым мен топтастарым мені қолдайды. Мен колледжімді үлгі тұтамын.»
Бұған қоса мереке аясында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің директоры Гүлнәр Ибрагимованы ҚР Білім және ғылым министрі «Еліміздің құрметті білім қызметкері» деп марапаттағаны туралы жағымды жаңалық айтылды. Ұстаздар қауымы мен студенттер жетекшілерін үлгі тұтатындарын айтып, осындай құрмет лайық екенін мойындайды.
Ерлан Байсеитов, ОҚПК директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:»Біз студенттермен тығыз байланыстамыз. Олардың қызығушылы мен оқу бағдарламасына деген сұранысы бойынша қызмет етеміз. Олардың пікірімен санасамыз. Сол үшін студенттеріміз ойын анық айтып, өз білімін болашақта шәкірттеріне жеткізетін болады. Бұл — біздің ұстанымымыз.»
Педагогикалық колледждің мерейтойы, яғни, ауқымы кең іс-шара шуақты көктем мезгілінде дүркіреп өтеді дейді ұжым. Студенттер қазірден бастап салтанатты мерекеге шоу-бағдарлама дайындауға кірісіп те кеткен.