Он бесінші ақпан — бүкіләлемдік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Осыған орай облыстық қуыршақ театрының ұжымы аты жаман дертке шалдыққан балалар ауруханасына арнайы барып, бүлдіршіндердің көңілін бір серпілтіп тастады. Бір сәтке болса да дәрі-дәрмекті ұмытып, ертегілер еліне енуді армандаған балалардың қуанышына біз де куә болып қайттық.
Бала көңіл бір сәтке болса да сырқатын ұмытып, қойылымдағы күшіктің айтқан ертегілеріне сеніп отыр. «Мақтаншақ» атты туындының шытырман оқиғасына шомып, өз кейіпкерлерін таңдап үлгерген. Ал балалардың көңілін аулап, жүздерін бал -бал жайнатқан театр әртістері спектакль соңында тәттілерін үлестіріп, күнді мерекеге айналдырды.
Ақбөпе Тұлтаева, облыстық қуыршақ театрының әртісі: «Мен қойылымда басты рөл — Бориска күшікті сомдап шықтым. Бүгінгі қайырымдылық шарада біз сәл де болса да балалардың көңіліне қуаныш ұялаттық деп ойлаймын. Мақсатымыз да осы еді.»
6 жасар Жантөренің осы ауруханада ем қабылдап жатқанына 1 аптадан асқан. Дәрігерлер балаға лейкоз, яғни, қан түзетін органдар жүйесінің қатерлі ісігі деген диагноз қойыпты. Қазіргі уақытта науқасқа қан құйылып, емдік шаралар қолға алынған. Анасының айтуынша, дерттің алғашқы белгілері осыдан 2 ай бұрын байқала бастапты. Сол сәттен бастап Жантөре мектептен қол үзіп отыр.
Айнұр, Жантөренің анасы: «Балам шаршап қалады, әлсіз, жүргенде жүрегім ауырады дейді. Ауа жетпей, тынысы тарылады. Өткенде біраз уақыт мектепке өзім алып барып жүрдім, сөмкесін де көтертпедім. Жантөре қазір де әлсіз, дегенмен, мына дәрілерден кейін жағдайы сәл болса да жақсарды. Ал дәрігерлер «Құдайдан үмітіңді үзбе, барі жақсы болады» деп жұбатып жатыр. Құдай қаласа, дүйсенбі күні Алматыға жол жүреміз, сынама тапсырып, нәтижесін көреміз енді. Балам жазылып кетеді деп үміттеніп отырмын.»
Бүгінде ауруханада дәл осындай үмітпен 19 бала ем қабылдап жатыр. Ал өткен жылдың қазан айында ашылған онкогематология бөлімі әзірге тек диагноз қоюмен шектеледі. Енді ғана аяққа тұрған бөлім, дертті анықтай сала науқасты еліміздің орталық қалаларына жібереді екен. Ал дәрігерлердің сөзіне сенсек, ең өкініштісі — бүгінде облыс көлемінде қатерлі ісікке шалдыққан балалардың саны анағұрлым артып отыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=w-4zKwpplbE[/youtube]
Асан Теміров, облыстық балалар клиникалық ауруханасының дәрігер-гематологы: «Біздің өңірде жас балалардың осы дертке жиі шалдығуы осы онкогематология бөлімінің ашылуына себеп болды. Бізде 300-дей бала онкологиямен, 150-дей бала гемотологиямен ауырады. Мұның ішінде аурудың өзі талай түрге бөлінеді.»
Айта кетейік, онкогематология бөліміне жуырда заманауи медициналық жабдықтар жеткізіледі. Бұл — Алла жазса балалардың қатерлі ісік ауруын емдеу біздің өңірде де қолға алынады деген сөз.