Оңтүстікте 20 мыңға жуық көліктің 2-3 мемлекеттік нөмірі бар

327

«Оңтүстік Қазақстан облысында шамамен 63 мыңнан астам автокөлік құралдары түрлі себептермен 2 реттен тіркеліп, жазылып кеткен. Мысалы, бір автокөліктің 2-3 мемлекеттік нөмірі бар. Дәл қазір ондай 19 936 көлік тіркелген. Шанағының нөмірі екі рет қайталанатын 21217 автокөлік бар. Сонымен қатар қозғалқышының нөмірі 2 рет қайталанатын 22 188 автокөлік бар.» Бұл жөнінде облыс әкімдігінде өткен жиында салық департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Орынов хабарлады.

«Сонымен қатар, біздің облыста 50 жылдан астам тіркеуде тұрған автокөліктер бар. Былайша айтқанда, олар — біраз жылдан бері пайдаланусыз қалған автокөліктер. Мысалы, 1960 жылы шығарылған 2938 автокөлік анықталып отыр. Ол көліктер, әрине, қазір көшеге шығып жатқан жоқ. 1970 жылдары шығарылған автокөліктер көп. Олардың саны 25 мыңның көлемінде. Ал 1980 жылдары шығарылған автокөліктердің өзі 99510-ге жетіп отыр. Бұл мәселе тек бізде емес, бүкіл Қазақстанда бар» дейді маман.

Ғалымжан Орыновтың айтуынша,бұл көліктердің жарамдылығын анықтап, қолданыстан шығарылғандарын тіркеуден алу жол полиция басқармасының мемлекеттік тіркеу, емтихан бөлімінің міндеті.

Ал, жалпы облыста тіркеуде тұрған 385 мыңдай темір тұлпар бар екен. Былтыр облыстық салық департаментінің мамандары  көлік салығын уақытылы төлемегені үшін 22 мыңдай көлік иелерін сотқа берген.