Жылан жылы облысымызда қазына қаржысының 98 пайызы игерілді. Бюджеттің кіріс бөлігі 212 миллиард теңгеге жеткен. Өңірімізде тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 125 мыңнан асып, республикада үшінші орында келеді екенбіз. Ал облысымызда өндірілген өнімнің жалпы көлемі 2 триллион теңгеден асқан. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 46 жоба іске асып, кәсіпорындар 55 миллиард теңгенің тауарын нарыққа шығарыпты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласының мамандары өндірген өнім де 40 миллиард теңгеге артып отыр.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Жылыжай бойынша республикадағы үлесіміз — 87 пайыз, тамшылатып суарудан — 72 пайыз, қоймадан 200 мың тоннаға жеткізілді. Бұл — республиканың 1/5 бөлігі. «Сыбаға» бағдарламасы 123 пайызға орындалды.»
Сондай-ақ, өткен жылы өңірімізде 60-қа жуық фельдшерлік-акушерлік бекет салынған. Облысымызда әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың саны да азайып келеді екен. 44 мәдениет ошағы жөнделіп, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 67 пайыздан асқан. Дегенмен тұрғындар білім саласында жемқорлық мәселесі ушыққанын айтады.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Бұл енді мектеп директорларына байланысты. Кешеге дейін директор аудан әкімі мен сол жердегі білім бөлімі басшысының бұйрығымен тағайындалады. Мектептің директорын облыс билігі тағайындамайды. Осы орайда біз өзіміздің ұсынысымызды айттық. Директорды тағайындауды облыстық басқарма мен облыс әкімдігімен келісу жөнінде ой тастадық. Ол ұсыныс қолдау тауып, білім министрлігі қазір тиісті шешім жасады. Ендігі жерде мектеп директорларын тағайындаған кезде облыстық әкімдік пен облыстық білім басқармасымен келісу жөнінде шешім қабылданып отыр.»
Жиында облыс тұрғындары елдімекендерге газ тартып, қуат көзін жеткізу, мектептерді жөндеу мәселесін көтерді. Тіпті, жекелеген мекеме басшылығы мен аудан әкімдерінің үстінен арызданушылар да болды. Ал кейбір сауалдарға өңір басшысы еріксіз езу тартты. Мысалы, Созақ халқы «Асқар Исабекұлы теріскейге тым сирек келеді» деп шағымданып жүр екен.
Нұржанбай Шынабаев, Созақ ауданының тұрғыны: «Сіз облысқа әкім боп келгелі Созақтан басқа аудандарды 4-5 мәрте аралап, елдімекендермен таныстыңыз. Не үшін біздің өңірге жұмыс сапарымен бармадыңыз? Аудан тұрғындары сізбен кездескісі келеді екен.»
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Қалай келмей жатырмыз? Кешегі 2013 жылы ана төтенше жағдай орын алған кезде келмек түгілі жаттық қой, басына барып. Барын араладық. Таукент, Аққолтық, Шолаққорғанда да болдық.»
Сонымен қоса Асқар Мырзахметов өңірімізде ауызсу мәселесі шешімі тауып келе жатқанын айтады. Мәселен, күні бүгінге дейін облысымыздың 665 елдімекені ауызсу жүйесіне қосылған. Спортта да жеткен жетістіктер аз емес. Жиын соңында Шымкенттегі көрме орталығына келген халық өңір басшысының есебіне оң бағасын берді.