Отқа оранған Жұлдызбек

Жұлдызбек Есенәлиев

Ол өз міндетін мінсіз атқарамын деп отқа оранып кете барды. Небары 36 жасында. Он тоғыз күннен соң 37-ге толғалы отырған жас ғұмыр осылайша тілсіз жаудың шеңгелінен құтыла алмай қалды. 

Оқиға былай болып еді. 2014 жылдың алғашқы күнінде Шымкентте ірі өрт оқиғасы тіркелді. Кеш қараңғысында дәрі-дәрмек қоймасынан өрт шыққан. Аумағы 1000 шаршы метрді шарпыған тілсіз жауды сөндіру кезінде бір өрт сөндіруші мерт болып, екіншісі жарақат алды.

Жұлдызбек Есенәлиев
Жұлдызбек Есенәлиев

…Бұл күні Жұлдызбек Есенәлиев әдеттегідей кезекшілікте болатын. Әріптестерімен бірге қарауылда отырған. Сағат кешкі 20-дан 59 минут өткенде кезекші дабыл көтерді. Байтулы баба көшесінде орналасқан дәрі-дәрмек қоймасы өртеніп жатыр екен.

Бұл нысан қауіптілігі жағынан екінші санатқа жатады. Себебі онда тез жанатын заттар мол сақталған. Ең алдымен оқиға орнына жақын бөлім ретінде № 1 мамандандырылған жасақтың күші көтерілді. Алдымен бес негізгі өрт сөндіру тобы аттанады. Одан кейін іле-шала тағы 2 арнайы техника жіберіледі.

Бұл мамандардың арасында Жұлдызбек те болатын. Өрт сөндіруші-құтқарушы болып бірнеше жылдан бері қызмет етіп жүрген ол мұндай дабылдарға төселген. Бірер минут өтер-өтпес өрт сөндіруге дайын болуы — үйреншікті әдеті. Содан бел шешпей әрекет етіп, тек тілсіз жау толық сөндірілген соң ғана дамылдайды. 

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде алып қойманың оңтүстік-шығыс бөлігі лапылдап жанып жатыр еді. Бүкіл дүние мүлік тұтастай өрт құшағында. Қызыл жалын жалпы аумағы 1000 шаршы метр жерді шарпып алған. Сондықтан өрт сөндіру қимылының жетекшілері тағы қосымша күш алдырады. Бұған қоса жанып жатқан жерге төтенше жағдай департаментіне қарасты «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің бастығы А.Путейко мен оның орынбасары М.Әлімбаев та келеді.

Қойманың ішін қою түтін басқан. Өрт сөндірушілер тас қараңғыда әрекет етуге мәжбүр болды. Алаудың ыстығы соншалық, ғимараттың темір-бетон жабындары жоғарғы температураға шыдас бермей, бүліне бастады.

Бұл сәтте Жұлдызбек әріптесі екеуі ішке қарай еніп кеткен болатын. Оларға радио байланыс арқылы қауіп-қатердің бар екені ескертіледі. Дегенмен, өртті сөндіріп, адамдар мен дүние-мүлікті құтқару — азаматтық борышы екенін жақсы білетін мамандар тілсіз жаудың бетін қайтаруға барынша кірісіп кеткен еді. Содан болар, темірі иілген күйі төбеден опырылып құлаған плитаны байқамай да қалады. Салмағы бірнеше тонна құйма плита сол сәтте-ақ Жұлдызбек Есенәлиевті басып қалды. Әріптесі Бекқали Жүнісовтың де аяғына түскен плита тырп еткізбеді. Алған жарақатына қарамастан Жұлдызбек тілсіз жауды жеңуге барын салды. Өкініштісі сол тілсіз жауды жеңу мүмкін емес еді. Аға сержанттың бұл соңғы өрт сөндіруі болып қалды. Жұлдызбек үйіне сол оқиғадан соң қайта оралмады. Бейбіт күннің батыры жалын ішінде мәңгілікке қалып қойды.

Айта кету керек, сол түнгі өрт сағат 12-ден 15 минут өткенде толық ауыздықталып, сағат 01:33-те толық сөндірілді. Өртті сөндіруге Жұлдызбекпен қатар 19 арнайы топ пен жеке құрамның 275 қызметкері, «ЛТД тұрмыс» мекемесінің су таситын 3 көлігі, «Апатты медицина орталығының» мамандары, жедел жәрдем көлігі, полицияның 6 экипаж қызметкерінің де қосқан үлесі көп. Алайда, Жұлдызбектей жігіттердің ерлігі еленсе екен дейді әріптестері.

Нұрлан БАУЫРЖАНҰЛЫ