Поляктың шатыры мен едені саудаға шықты

Поляк кәсіпкерлері шымкенттік сәулетшілерге баспанаға қажетті жоғары сапалы суағар жүйелері мен еден тақтайшаларын таныстырды. Түрлі формаға енетін иілгіш шатырлар мен суағарлар, сондай-ақ, еден жабындылары сапасы жөнінен әлем бойынша алғашқы үштіктің құрамында.

Хмура Дариуш, Польша-Қазақстан сауда өнеркәсіп палатасының төрағасы: «Біздің тауардың басты артықшылығы оның сапасы мен бағасының қолжетімділігінде. Яғни, біздің өнімнің бағасы Ресейдің тауарларының құнымен бірдей. Бірақ, сапасы одан жоғары. Ал тауар өндірушінің өзі көп жылдық тәжірибесі бар компания. Мәселен, олар шығарған өнімдердің 60-65 пайызы Қытайға экспортталады. Мұның өзі көп жәйтті аңғартса керек.»

Поляк кәсіпкерлерінің сендіруінше, полихлорвинил және полиэтиленнен жасалған құрылыс материалдары экологиялық таза. Әрі үйіңізге сән беріп қана қоймай, шатырыңыздан судың сорғаламауына да кепілдік береді. Шетелдік өнім осы күннің өзінде біздің сәулетшілерді де қызықтырып үлгерді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=JOS894RZXuM[/youtube]

Қанат Құдияров, сәулетші: «Бұрынғы біз пайдаланып жүрген шатырлар сапасы жағынан нашарлау болып келеді. Олар қағылған күннің ертеңіне-ақ шатырдан су аққан жайлар бар. Ал бүгінгі өнімдер біздің өңір үшін қажет деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі біздің ауа райында суағар болмаса шатырларға мұз қатып тұрып қалады. Ал жаңа өнімді пайдалансақ, ондай қиындықтардың бәрі де артта қалады.»

Әзірге тауар қаладағы барлық сәулет мекемелерінің өкілдеріне таныстырылды. Ал әрі қарайғы өнімді саудалау жағын нарық шешері сөзсіз.