Сәбидің табанынан не үшін қан алады?

 

 

Сандуғаш Нұранова
Сандуғаш Нұранова

Оқырманның сұрағына Шымкент қалалық №2 перзентхана-ның нәресте-лер бөлімінің маманы Сандуғаш Нұранова жауап береді. 

Сұрақ:

– Мен 2013 жылы екінші баламды босандым. Перзентханадан шығаратын күні дәрігерлер сәбиімнің табанынан қан алды. Тұңғыш ұлымды 2007 жылы босанғанда одан қан алмаған еді. Сондықтан да қорқып кеткенім рас. Дәрігерлерден сұрағанымда, бұл барлық балалардан алынатын анализ деп түсіндірді. Өтініш, дәрігерлерден ала алмаған жауапқа сіздер жауап жазыңыздаршы. 

Жания

Жауап:

– 2013 жылдан бастап біздің перзенханада жаңа туған сәбилердің барлығының табанынан қан алынады. Бұл шара баланың бойындағы тұқым қуалайтын аурулардың клиникалық-генетикалық ерекшеліктерін ашып беру үшін жасалады. Кейбір жағдайларда іштегі балада қандай дерт бар екенін зертханалық-биохимиялық, цитогенетикалық және молекулярлы-генетикалық әдістемелер арқылы (босанғанға дейінгі) анықталады. Кейде генетикалық ауытқулар бірнеше жылдан кейін де байқалады. Салдарынан 2-3 жасқа дейін сап-сау тай құлындай жүгіріп жүрген бала аяқастынан сал болып шығады. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін, қазір барлық перзентханаларда жаңа туған сәбилердің табанынан қан алынып, облыстық №1 перинаталдық клиниканың базасындағы генетикалық орталыққа сараптамаға жіберіледі. Тексеру барысында бала және оның әке-шешесі жөнінде қолда бар деректердің барлығы ескеріледі. Егер генетик мамандар алынған қан үлгісінен қандай да бір ауытқуларды анықтайтын болса, тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігерге хабарласып, бала мен оның ата-анасын толық тексеруден өткізіп, аурудың алдын алуға тырысады.