Шардараға ұшақпен қатынаймыз

464
Шардараға әуежай салынбақ

Шардара ауданында туризмді дамытуға 254 гектар жер бөлінді. Көп ұзамай Шардара су қоймасының жағалауында демалыс орындары бой көтермек. Оңтүстікке оң өзгеріс әкелетін ауқымды жобаның құрылысы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Шардараға әуежай салынбақ

Аудан әкімі Қ.Айтөреевтің 2013 жылдың қорытындысы бойынша есеп беру жиынына қатысқан облыс басшысы шардаралықтармен кездесіп, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған еді. Асқар Исабекұлы тұрғындардың талап-тілектерін сараптап, мерзімі жеткен екі мәселе бойынша тиісті сала басшыларын жинады. Егер жүзеге асса, туризм Шардараның негізгі табыс көзінің біріне айналмақ. Бұл саланы өркендетуге су қоймасының жағалауы сұранып-ақ тұр.

Аудан басшысы туризмді дамыту арқылы аймақтағы қордаланып қалған күрделі мәселелерді шешуге болатынын түсіндірді. Бар мүмкіндікті пайдаланатын уақыттың жеткенін айтқан Асқар Исабекұлы ауқымды жобаның жұмысын тездетіп қолға алуды тапсырды. Сала мамандарына құрылыс аумағының инфрақұрылымын реттеуді жеделдетуді жүктеді.

Кезек күттірмейтін шаруаның бірі – Шардара қаласындағы шағын әуежай жұмысын жандандыру. Облыс әкімі аудан басшысына көлік және коммуникация министрлігі келісіміне сай тиісті құжаттарды түгендеп, әуежайды іске қосуды міндеттеді. Ендеше, өркендеген Оңтүстікке шетел азаматтарының ағылып, Шардара жағажайына демалу үшін ұшақпен қатынайтын күні де алыс емес…