Демікпе, созылмалы көкжөтел, жүрек-талма аурулары. Атақты Гарвард университетінің ғалымдары осынау қауіпті аурулардың басым бөлігі лас ауамен байланысты деп тапты. Ал Шымкент қаласының ауасы қаншалықты таза? Қара будақтың әсерімен ауру құшқандар көп пе?
Шымқаланың ауасына жерлестеріміз алаңдап жүр. Себебі, қаламызға іргелес жатқан бірқатар елдімекендер шаһар аумағына еніп, ауқымы кеңейді. Бұл кезде тұрғындар саны ғана ғана емес, автокөліктердің қатары да көбейетіні анық.
Гүлмира Жақыпбек, қала тұрғыны: «Қазір зауыттар көбейіп жатыр. Бір жағынан автокөліктер де жетерлік. Соның кесірінен ауа ластанып жатыр. Шынымды айтсам, соңғы кездері денсаулығыма алаңдап жүрмін. Осындай көк түтіннің зияны көп. Мәселен, жұқпалы дерттердің барлығының қозуына әкеледі.»
Талғат Серікжан, қала тұрғыны: «Әрине, көліктерден шығатын зиянды көк түтін бізге залалын тигізеді. Бірақ, тұрғындар да үлкен жауапкершілікті сезініп, көшеге күл-қоқыс лақтырып кетуін қойса ғой. Бұған қоса қаланың орталық көшелерінде темекіні будақтатып тұрып шегеді дейсіз… Міне, мұның барлығы ауаның ластануына әкеп соғады.»
Ауаның сапасын бақылаушы мамандардың сөзіне сенсек, қазіргі уақытта бір ғана Шымкентте 4 бірдей экологиялық бекет жұмыс жасап отыр. Ауа ластануының деңгейін анықтап және оны дер кезінде жою үшін. Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары атмосфераның шектен тыс ластануын жеке көлік компаниялары иелерінің әрекетімен байланыстырды.
Рахымберді Өтебаев, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:»Ауаны ластаушылардың басым бөлігі — жеңіл автокөліктер мен қала ішіндегі қоғамдық көліктер. Көптеген көлік компаниялардың меншігіндегі автокөліктер ескі, жаңартылмаған. Аз уақыт бұрын біз осындай көліктерге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Өз иелігіндегі автокөліктердің техникалық жағдайын қараусыз қалдырған компанияларды әкімшілік жауапкершілікке тарттық.»
Бірақ, облыстық экология департаменті бұл жағдайға қатысты еш дабыл қақпай отыр. Себебі соңғы бірнеше жылдың ішінде біздің өңір ауаның ластану дәрежесі бойынша көштің басынан төмен түсіпті. Келер жылдың жоспары да ауқымды. Мысалы, ауаның ластану деңгейін бақылайтын қосымша 2 экологиялық бекет орнатылмақ. Және құқықбұзышылықтың алдын алу жұмыстары жоспарланып отыр.