Шымкенттіктер қазақ халқының мәдениет ағартушысы Темірбек Жүргенов туралы фильмді алғашқылардың бірі болып тамашалады. Режиссер Қалила Умаровтың деректі фильмі облыстық саяси-қуғын құрбандарының мұражайында көрсетілді. Кинолентаға баға берушілер арасында зиялы қауым өкілдері мен Жүргеновтың ұрпақтары да болды. Темірбек Жүргеновты білмейтін қазақ жоқ. Жүргенов — есімі тек Алаш жұртына ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі. Ол туралы деректі фильмнің де негізгі желісі тұлғаның тұнық келбетін суреттейді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=5NvGE7kFOoE[/youtube]
Қалила Омаров, режиссер: «1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның 10 күндік мәдени іс-шарасында Сталиннің көзіне түсіп, сол кезде Қазақстанның автономиядан республикаға өтуіне осы 10 күндіктің әсері болды дейміз. Сондықтан фильмде біздің тарихшылар осыны дәлелдеп шығады.»
Темірбек Жүргенов 1898 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Петровскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласады, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады.
Жүргенов — ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырған азамат. Бұған қоса М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев сияқты қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына да жағдай жасағанын екінің бірі біле бермейді. Қазақстанда алғашқы музыка театрын, қазіргі Қазақ опера және балет театры ұйымдастыруға үлкен үлес қосқан да өзі. Бірақ солақай саясаттың озбырлығынан халық жауы атанып, атылып кетті.
Шахарбек Усманов, Т.Жүргеновтың немере інісі: «Темірбек Жұргенов бізге қол ұшын берген. Біз қуғынға ұшыраған нағыз қазақтардың біріміз. Бұл түсірілген фильмнің басы-қасында жүрдім. Әсерім жаман емес, жақсы.»
Деректі фильмді ел жақсы қабылдады. Ұлты үшін аз тер төкпеген тұлға туралы тың деректер баршылық. Осыны ескерген мамандар болашақта Орта Азияның басқа да мемлекеттерінен Темірбек Жүргенов туралы мәліметтер жинап, фильмнің жалғасын түсіруде көздеп отыр.