Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің дамуына үлес қосқан ақ жаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектерді арнайы құттықтады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=lE6BfmqLLxY[/youtube]
Мінай Дүйсенова — бүгінгі кештің қадірлі қонағы. 7 баланың анасы осыдан бірнеше жыл бұрын алтыннан алқа тағынып, құрметтке ие болған. Ал айтулы мерекелік дастарханға алтынқұрсақты ана арнайы шақырылыпты.
Мінай Дүйсенова, алтын алқа иегері: «Өте қуаныштымын. Әкім арнайы марапаттап жатыр. Менің балаларымның барлығы жоғары білім алған. Сондықтан елінің болашағы үшін қызмет етуі міндетті деп білемін. Қазір балаларым мемлекеттік қызметкер болып, Отаны үшін еңбек етіп жүргенін көріп, көңілім марқайып қалады.»
Еліміздегі әрбір оныншы сәби осы Оңтүстікте дүниеге келеді. Бұл — өңірде алтын құрсақты аналарымыздың абыройын асырады. Облыстың дамуына үлес қосқан ақ жаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектерді облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы құттықтады. Олардың арасында іскер әйелдермен, батыр аналар да болды.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Облысымыздың әйелдерінің әлеуметтік-саяси мәселелерді шешудегі рөлі үлкен. Облыс көлемінде тіркелген 5000-ға жуық кіші және орта бизнес кәсіпкерлерінің жартысынан астамын әйел азаматтары басқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүргені де біз үшін қуанышты жағдай. Білім беру саласындағы қызметкерлердің басым көпшілігі әйелдер болғандықтан, жас ұрпақтың тәрбиесі күшейеді деп сенемін! Барлық салада жоғары деңгейге жетіп, үлесін қосқан әйелдерге алғысым шексіз!»
Мереке кейіпкерлерінің құрметіне әсем әндер де ұсынылды. Ал облыстың, қала берді Қазақстанның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген әйелдер қауымы осы мейрамда жоспарларымен бөлісті. Енді бірі ыстық лебізін білдірді.
Әлия Юсупова, Азия чемпионы: «Барша әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтаймын! Бар жақсылықты тілеймін! Отбасыларына жақсылық серік болсын! Ал менің болашақтағы жоспарларым көп. Мәселен, өзім бас бапкер болғандықтан, қазақ қыздарының спорт саласында әлемді мойындатуы үшін қазіргі уақытта тер төгіп жүрмін.»
Ханбибі Есенқарақызы, ақын: «Әйелдердің көптен күткен мерекесі келіп қалды. Көктемнің шуақты, әсерлі күндерінде тойлаудың өзі бақыт қой! Аналарды, қыз-келіншектерді мейрамдарында армандары орындалсын деп тілеймін!»
Айта кетейік, бүгінде бір ғана Оңтүстікте 1 миллион 380 мыңға жуық қыз-келіншек бар екен. Солардың 2900-ға жуығы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан табылып отыр. Айтулы мереке қарсаңында облыс әкімдігі жайған ақ дастарханға жиналған апа-әпкелеріміз алғыстарын айтып тарасты.