Жұма намазға келген азаматтың көлігін ұрлап кетті

357
Сурет мұрағаттан алынды

Мешітке құлшылық қылуға емес, ұрлық жасауға келетіндердің қарасы көбейіп барады. Құдайдан қорықпағандар жамағаттың намазға жығылғанын пайдаланып, қараусыз қалған бағалы зат пен аяқ-киімді алып кетіп жатқанын бұрын да жазғанбыз. Енді қылмыскерлер құлшылыққа келгендердің көліктеріне қол сала бастапты.

Сурет мұрағаттан алынды
Сурет мұрағаттан алынды

Жұма намазға келген қала тұрғыны Opel Vectra маркалы автокөлігінен тал түсте айрылып қалады. Сол күні жарты сағаттан кейін Жаратқанға құлшылық етіп шыққан жігіт көлігінің орнын сипап қалған. Қырсық шалғанда, көшедегі бейнебақылау камераларының қырағы көзі басқа жаққа қарап тұрған болып шықты.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының жетекшісі: «Қылмыс күндізгі уақытта тіркелсе де еш куә болмай тұр. Біздің ОҚО ІІД бейне-бақылау камерасына ол оқиға түсірілмеген. Осы қылмысқа қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 185-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=6NzQmLo75cA[/youtube]

Автокөліктің алдында Шымкенттің мешіттеріндегі ұрлық аяқ киімнен басталған еді. Наурыз айының басында әл-Фараби аудандық полиция бөліміне Алла үйінен аяқ киім ұрлап кеткен азамат жеткізілген болатын. Сезіктінің ішімдік ішкені де расталған. 50 жастағы жігіт ағасы жаңа аяқ киімді байқамай киіп кеттім деп ақталған сол жолы.

Осылайша соңғы кездері сұғанақтар мешіттен де именбейтін болып барады. Намазға жығылған жамағаттың дүниесін ұрлау бір бұл емес. Енді көлік ұрлығы орын алып отыр. Осы жағдайдан соң мешітке машинамен емес, Меккеге барғандай жаяу әрі қалтаңыздағы дүниені үйге тастап барған жөн деп кеңес беру ғана қалады.