Дауылдың кесірінен сайрамдықтар да зардап шекті

520

Дауылды жел тек Шымкенттік тұрғындардың ғана емес, өңір жұртшылығының да есін шығарды. Сайрам ауданында бес адам желдің зардабын тартып, аурухана төсегіне таңылыпты. Оның біреуі – бес жасар бала. Сынған ағаштың астында қалған балдырған, Құдай сақтап, жеңілжарақат алыпты. Ал тағы бір тұрғын ес-түссіз, жансақтау бөлімінде жатыр.

Сайрам аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне кеше түс қайта түскен мына әйелдің халі мүшкіл. 45 жастағы Нигара өзі жұмыс істейтін дүкеннің шатырының астында қалып қойыпты. Бас сүйегі сынып, құлағынан аққан қан тоқтамай жатыр екен. Дәрігерлер науқастың жанын сақтап қалу үшін барын салуда. Бірақ Нигара Досметованың сау жері қалмаған.

Нұрғали Піралиев, Сайрам аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі: «Қазіргі таңда науқасқа қарқынды ем-дом жүргізіліп жатыр. Кешелі бері травматолог, неврапотолг дәрігерлер тексеру жүргізіп, қажетті ем-домдарын беріп жатырмыз. Дегенмен, жағдайы ауыр халде. Дәрінің күшімен жатыр.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=KEhrVXjc9YQ[/youtube]

Ауданға қарасты ауылдық ауруханаларда тағы төрт науқас жатыр. Бір қуантарлығы, олардың жағдайы бір қалыпты. Кешелі бері ауданда құрылған төтенше жағдай топтарының кезекшілеріне дамыл болмапты. Тұрғындардың бірі шатырын жел ұшырып кеткенін айтса, ендігісі құлаған ағаштың салдарынан жарықсыз отырғанын жеткізіпті.

Раджан Құлтаев, Сайрам ауданы бойынша төтенше жағдай комиссиясының өкілі: «Ауданда 3-4 мектептің шатыры ұшып кетті. Мәдениет үйінің жалпы аумағы 1,5 метр шатыры құлағалы тұр. Соған апатты топтың мүшелері шұғыл түрде жұмыс істеп, құрылысты бастап кетті. Әсіл ауылында жолда ағаш құлап, электр жүйесін үзіп кетті, бұған қоса ол жерде жарық  пен су мәселесі шешілмей жатыр.»

Дегенмен, ауданда құрылған комиссия құрамы қарап отырған жоқ. Қолдан келген көмегін беріп, шығындарды есептеп жатыр.