Қызметін асыра пайдаланып, ақша талап еткен полицейлер ұсталды

553

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің жедел-іздестіру қызметкерлері қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланды деген күдікпен жол-патрульдік полиция полкінің екі қызметкерін ұстады. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлайды.

 

Соңғы уақытта полиция қызметкерлеріне қатысты азаматтардан хабарлама келіп түскен. Онда облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері жұмыстан тыс уақытта өздерінің қызметтерін асыра пайдаланып, заңсыз іс-әрекеттер жасағаны туралы айтылған. Осыған байланысты департаментте полиция қатарынан қылмыс пен құқықбұзушылық жасауға бейім қызметкерлерді анықтау үшін тәжірибелі жедел қызметкерлерден арнайы топ құрылды.

18-шілде күні жедел құрылымдар өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Шымкент қаласының көшелерінің бірінен Шымкент ҚІІБ ЖППП-нің екі қызметкерін құрықтады. Үшінші күдікті оқиға орнынан қашып үлгерген. Оған іздеу жарияланды.

Ұсталғандар – 1989 және 1983 жылдары туылған қызметкерлер, шендері – полиция сержанттары. Ішкі істер органдарында 5 жылдан аса уақыт қызмет атқарған. Анықталғаны – сезіктілер өздерін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ретінде таныстырып, жұмыстан тыс уақытта Тәжікстан азаматынан «Тойота Камри 50″маркалы автокөлігі Ресейде ұрлық бойынша іздеуде жүргенін, иесін қылмыстық жазаға тарпау үшін 5 000 АҚШ долларын талап еткен.

Қазіргі таңда ұсталғандарға қылмыстық кодекстің 308-бабы – «Билiктi немесе қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдалану» дәйегі бойынша айып тағылды. Тергеу ісімен ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы айналысуда. Күдіктілер қамауға алынды.

Осы жылдың басынан ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасымен полиция қызметкерлерінің үстінен 35 қылмыстық іс қозғалған. Егер Сіз ішкі істер органы қызметкерлерінің іс-әрекетінен заңсыздықты байқасаңыз, сенім телефонына немесе өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарласуыңызға болады.