Сарыағаштық кәсіпкерлер заңсыз тексеруге шағымдануда

249
шіліңгір шілдеде жанға сая болатын жалғыз орын осы

«Кәсіпкерлігімізге кедергі келтіріп жатыр. Жергілікті билік өкілдерінен қысым көріп отырмыз» дейді арнамызға шағым айта келген сарыағаштық Ермековтер. Іскерлердің айтуынша, Абай ауылы әкімдігі тарапынан заңсыз тексерулер ұйымдастырылып, шаруаны дөңгелетуге тосқауыл болуда. Ал билік өкілдері кәсіпкерлердің бұл наразылығын мүлде жоққа шығарып отыр.

шіліңгір шілдеде жанға сая болатын жалғыз орын осы
Шіліңгір шілдеде жанға сая болатын жалғыз орын

Абай ауылындағы орталық саябақты осыдан 18 жыл бұрын жергілікті тұрғын Байбек Ермеков орнатып кеткен. Көзі тірісінде қария ұрпағына бақтағы шаруашылықты жалғастырып, тал-дарақтарды күтіп-баптауды аманат етеді. Ата аманатына қиянат жасағысы келмеген Ермековтер отбасы шаруаны іліп әкетіп, көгалдандыру жұмыстарын жандандыра түседі.

Бүгінде саябақта ағайынды Ермековтердің үш бірдей кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Бірі асхана ісін жүргізсе, бірінің бассейні бар. Енді бірі балаларға арналған ойын алаңшасынан нәпақасын ажыратып отыр. Наразы үшеу бүкіл бір әулеттің күнкөрісіне жарап тұрған саябаққа көз тігіп отырғандар түрлі құйтырықтылықтарға барып, кәсібімізге кедергі келтіріп жатыр дейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=yAIflQlgzq4[/youtube]

Мүлікті заңдастыруға қатысты соңғы өзгерістерге байланысты қазір саябақ аудандық мәдениет бөлімінің қарамағына өткен. Ермековтер демалыс орнын пайдалану үшін жыл сайын бөліммен келісім-шарт түзіседі. Жергілікті биліктен қысым көріп отырмыз деген кәсіпкерлер бірнеше құзырлы орындарға шағым да түсірген. Алайда, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған олардың бұл әрекеттерінен әзірге нәтиже болмай тұр.

Ал жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлердің сөзін мүлде жоққа шығарып отыр. Шенеуніктер саябақтағы тексерулер тұрғындардың шағымы бойынша жүргізіліп жатыр дейді.

Кәсіпкерлердің шағымдары бойынша қазір құзырлы органдарда тиісті шаралар қаралып жатыр. Іскерлердің ісіне кедергі келтіргендер заң алдында жауап береді.