Қайтыс болғандарға құжат жасап, қазына қаржысын жегендер анықталды

249

Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік сала қызметкерлері қайтыс болған адамдарды жалған құжатпен жұмысқа орналастырып, сол арқылы қазына қаржысын жымқырып келгені белгілі болды. Мұндай бассыздық облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мамандары жүргізген тексеру қорытындысы нәтижесінде анықталған.

Атап айтқанда, 9 мүгедек түрлі жағдаймен қайтыс болып кетсе де, жұмыс істейтіндер тізімінен түспеген. Тиісінше оларға мемлекет тарапынан ай сайын жалақы төленіп келген. Сонымен қатар ақыл-есінен айрылған 8 адамға әлеуметтік сала мамандары жалған құжат әзірлеп, жалақы бөлдіріп келген.

Сондай-ақ, тексеру барысында кейбір мемлекеттік бағдарламаның атүсті орындалғаны әшкере болды. Мәселен, биыл өңірде «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 5269 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыспен қамту жоспарланса, олардың 18 пайызы ғана еңбекке тартылған. Әлеуметтік саладағы құйтырқылықтар мұнымен бітпейді. Шымкенттегі жұмысқа орналасқан жарымжан жандардың 55-і әлдеқашан шығып кетсе де, тиісті тізімнен алынбапты. Ал Түркістандық әлеуметтік сала басшылары 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтыдық деп, жалған мәлімет бергені белгілі болды.

invalid

Бейбіт Сыздықов, ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы: «Кемшілікке жол берген азаматтарға немесе әкімшілік қызметкерлеріне қатысты біз облыс әкімшілігіне тиісті ұсыныстарды жазып береміз. Облыс әкімі өз тарапынан тәртіптік немесе басқа да шараларды қолдануға тиіс.»