Облыстың бас имамы жамағатты Құрбан айтымен құттықтады

628

Бүкіл әлемді жоқтан бар етіп жаратқан Аллаһ тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын! Адамзаттың асылы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уассалламға және оның қасынан табылған сахабалар мен салихтарға Аллаһтын сәлемі болсын, әумин!

Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі жерлестер!

Мұсылман жұртшылығының асыға күткен қасиетті меркесі Құрбан айт үстіміздегі жылдың 3-қазаны күнімен сәйкеседі.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаһқа жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні — Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелірінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады» деген. Пайғамбарымыздың (саллалаһу аләйһи уәсәллам) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

Құрбандық шалудың үкімі

Жағдайы бар адам құрбан айтта құрбандыққа мал шалу — Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері төмендегідей: Аллаһ тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» — деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

Пайғамбарымыздың (саллалаһу аләйһи уәсәллам) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Өйткені хадисте айтылған «сүннет» — жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу — Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?

Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:

Мұсылман болуы;
Ақылды және балиғат жасына толуы;
Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;
Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы;
Нисап мөлшері — 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мелшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға болады. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат.

Құран Кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаһқа ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып, Ибраһим (а.с.) мен Исмаилдың (а.с.) дәуірінен бүгінгі біздің дәуірімізге дейін келіп жетті.

Ниеттің де сауабы бар

Мұсылман адам амалымен жете алмайтын сауапқа ниеті арқылы жетеді. «Әркімнің ісі ниетіне қарай бағаланады. Мүминге ниеттенген нәрсесінің сауабы беріледі» және «мүминнің ниеті амалынан қайырлы» деген секілді хадистер қай істе де мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар: «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім», -деген ниетте болса, мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап жазады.

Құрбандыққа шалынатын малдар және олардың ерекшеліктері

Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.
Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Аллаһ пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат — Аллаһ тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе — жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет» (Хаж сүресі 37).

Малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер

Екі немесе бір көзінің соқыр болуы;
Бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы;
Екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы;
Тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болуы;
Қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен сынып қалған болуы;
Желін ұшының түсіп қалуы;
Құйрығының жартысы немесе үштен бір бөлігі кесілген болуы;
Жілігі майсыз, ауру болуы;
Тумысынан құлағы мен құйрығының болмауы;
Жетекке көнбейтін және үйірге қосуға жарамайтындай немесе жем беруі қиын тентек болуы;
Ауру екендігі анық белгілі болуы.
Құрбандық шалуға ниеттенген адамның, сатып алған малында жоғарыда аталған кемшіліктер сатып алғаннан кейін пайда болса, орнына басқа мал алып бауыздағаны абзал. Алайда жағдайы төмен жандарға сатып алған құрбандық малында жоғарыда аталған кемшіліктер пайда болса, орнына басқасын алудың қажеті жоқ. Алған малын құрбандық ретінде бауыздай беруіне болады. Тіптен осындай кемістігі бар малды сатып алып құрбан ретінде бауыздауына да болады. Себебі жоқ-жітік жанға құрбандық шалу — нәпіл ғибадат болып саналады. Ал нәпіл ғибадаттар үшін дінімізде кеңшілік пен жеңілдік бар.
Құрбандық шалудың жөн-жобасы

Мұсылман — Аллаһ тағалаға толықтай мойынсұнған жан. Сондықтан да Раббысына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Аллаһтың белгілеген ережелері негізінде жасайды. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Кімде-кім Аллаһтың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан», деп айтылады (Хаж сүресі 32). Сондықтан да Аллаһ тағала мән берген нәрсеге біздің де көңіл бөлуіміз өте маңызды.

Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың (саллалаһу аләйһи уәсәллам): «…Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген мына бір хадисінің астары терең.

Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны — мұстахаб (ұнамды іс). Дегенмен өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал.

Құрбандық шалған кезде төмендегі жәйттарға да назар аударған жөн:

* Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу

* Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару

* Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу

Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс.
Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қосса айтқаны жөн.
Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды.
Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі.
Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек.

Құрбандық шалудың уақыты

Ғибадат Аллаһ тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет.

Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (саллалаһу аләйһи уәсәллам) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша:

«Аллаһтың Елшісі (саллалаһу аләйһи уәсәллам): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын — ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізе ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі — туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі — кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі — өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

Аллаһ Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».

Пайғамбарымыздың шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (саллалаһу аләйһи уәсәллам) шалған құрбандығының үштен бірін — отбасына, үштен бірін — кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату — мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.

Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Аллаһтың Елшісі (саллалаһу аләйһи уәсәллам) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір өтті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деді.

Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.

Тәшриқ тәкбірі

Бұл тәкбір құрбан айт күндеріне ғана тән. «Тәшриқ тәкбірінің» айтылу тәртібі төмендегідей:

«Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, ләә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу акбар уә лиллаһил-хамд»

Мағынасы: «Аллаһ тағала аса ұлық (2 рет), Аллаһтан басқа тәңір жоқ! Аллаһ тағала аса ұлық (2 рет)! Күллі мадақ тек Аллаһқа ғана лайық!».

Тәшриқ тәкбірінің уақыты Зүл-хижжаның тоғызыншы күні, яғни айттан бір күн бұрынғы «арапа» күні таң намазынан бастап құрбан айттың төртінші күнінің намаздыгер уақытына дейін парыз намаздарының сәлемінен соң айтылады. Бұл тәкбірлерді айту — намаз оқуға міндетті әрбір жанға уәжіп. Мейлі жеке оқысын, мейлі жамағатпен оқысын тәшриқ тәкбірлерін айтуы керек. Егер қандай да бір намаздан кейін тәшриқ тәкбірін айтуды үмытып кетсе, онда сол күндері оқылатын кез-келген намаздың парызынан кейін қаза етіп айтады.

Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеміз

Құрбан айт намазы 2014 жылғы 04 қараша күні, таңғы сағат 8.00-де облысымызға қарасты барлық мешіттерде оқылады. Сондай-ақ, осы айтулы күнді Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен мереке күны болып саналады.

Бір күн бұрын жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару — мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, кемектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдардың жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады.

Құрметті мұсылман бауырлар! Құрбан айты мерекесі мүбарак болсын! Құрбан айтта Ұлы Аллаһ тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әумин! Аллаһ тағала баршамыздың дұға-тілектерімізді қабыл етсін, әумин!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, дінтанушы Бейбіт қажы Мырзагелдиев.