Тоғыз айда 5 центнер көкнәр және 13 келі героин тәркіленді

516

Ағымдағы жылдың басынан бері Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің тәртіп сақшылары есірткіге байланысты 246 қылмысты анықтады. Соның ішінде 130 қылмыс есірткі затын сатуға байланысты болып отыр. Нәтижесінде полицейлер 5 центнер көкнәр және 13 келі героин тәркіледі.

001

Таяуда ғана полиция қызметкерлері 32 жастағы азаматты 3 келі марихуанамен ұстады. Төле би ауданында ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Төлеби аудандық ішкі істер басқармасының полицейлерімен бірлесіп, «Көкнәр – 2014» жедел алдын алу шарасын өткізді. Соның барысында Ленгір қаласының 32 жастағы тұрғынының үйінің ауласынан полиэтилен пакетке оралған өсімдік тектес есірткі заты табылды. Сол жерден тәртіп сақшылары 89 күкірт қорабына салынған марихуанаға ұқсас есірткі затын да тапты.

Сот-криминалистикалық сараптамаға сәйкес табылған заттар жалпы көлемі 3 келіні құрайтын марихуана болып шықты. Ұсталған азамат тәртіп сақшыларының есірткі затын өзі қолдану үшін сақтағанын айтып, түсініктеме берді.

Сондай-ақ, осы рейд барысында тәртіп сақшылары марихуана сатты деген күдікпен Шымкент қаласының 23 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Тексеру барысында жедел уәкілдер күдікті азаматтан 4500 теңге мен 3 күкірт қорабына салынған, жалпы салмағы 9 граммға жуық марихуананы тапты.

Одан соң күдіктінің пәтерін тексеру барысында пакетке салынған марихуанаға ұқсайтын зат тәркіленді. Сот-криминалистикалық сараптамасына сәйкес табылған заттар жалпы көлемі 40 граммды құрайтын марихуана болып шықты.

Аталған жайтер бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 259-бабы, «Есiрткi заттарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.